Онлайн-брифинг барысында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қаладағы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағдайын түсіндірді, сондай-ақ қалалық дәріханаларды қажетті препараттардың бар-жоғына мониторингілеу туралы хабарлады, - деп жазады Egemen.kz
Бақытжан Сағынтаев қазіргі уақытта сұранысқа ие дәрі-дәрмектердің қолжетімді бағада болуы қаладағы коронавирустың жағдайын тұрақтандыру үшін маңызды пункт болып табылатынын атап өтті.Парацетамол, ибупрофен және құрамында парацетамол бар препараттарға сұраныстың жоғарылауына байланысты мегаполис дәріханаларында осы препараттар бойынша тапшылық пайда болды. Дәрі-дәрмектерді ірі жеткізушілермен келіссөз жүргізгеннен кейін парацетамол мен ибупрофен жеткізу мәселесі шешілді.
"Біз дәрілік заттарды өндірушілермен, ірі жеткізушілермен және дистрибьюторлармен Алматы қаласының дәріханаларына дәрі-дәрмектерді үздіксіз жеткізу туралы келісімге қол жеткіздік. Ол үшін фармацевтикалық компаниялармен келісімге қол қойылып, 105 дәріхананың тізімі анықталды (6 шілде күні 2 дәріхана қосылды), оларға басым тәртіппен дәрі - дәрмектер жеткізілетін болады", - деді Бақытжан Сағынтаев. Сонымен қатар, келісімде дәріханалардың бағаны көтермеуі және бір атаудағы дәрі-дәрмекті бір қолға 3 бірліктен артық бермеу міндеті қарастырылған.
5 шілдедегі жағдай бойынша қаланың дәріханаларына 115 мың парацетамол, 30 мың термометр, 20 мың ибупрофен, 35 мың ингавирин және басқа дәрі-дәрмектер жөнелтілді. 6 шілде күні таңертеңнен бастап қосымша 150 мың парацетамол мен 50 мың термометрді тиеу жұмыстары жүргізілуде. 8 және 12 шілдеде тиісінше 80 мың және 850 мың парацетамолдың қосымша жеткізілімі күтілуде.Бағаны бақылау мақсатында мониторинг тобы құрылып, қаланың белгілі 105 дәріханасында күн сайын дәрі-дәрмек бағасына мониторинг жүргізеді. Қалада дәрілердің бар-жоғына мониторинг жүргізу мақсатында, 29 маусымда Алматы қ.ТҚҚСБД ірі жеткізушілерді, өндірушілер мен дәріханалар желілерін қоймалардағы және жеткізілетіні күтілетін дәрі-дәрмектердің бар-жоғы жөнінде дұрыс ақпарат беруді міндеттейтін қаулы қабылдады.Бұған дейін айтылғандай, бүгінгі таңда клиникаларда дәрі-дәрмектердің қажетті қоры бар, бірақ пациенттер санының өсуіне, төсек қуаттарының кеңеюіне байланысты бірқатар препараттар бойынша осы қорларды ұлғайту қажеттілігі бар. Бұл мәселені қала әкімшілігі ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен және "СК Фармация" ЖШС-мен пысықтайды. Ағымдағы жылдың шілде айына арналған дәрі-дәрмектерді жеткізу кестесі пысықталды.