Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған сарабдал саясаткер, Тұңғыш Президентіміз – Елбасымыздың мерейтойын ел болып атап өттік. Салиқалы жасқа келген арда тұлғаның ел мен жер тұтастығы, ұлт пен ұлыстар бірлігі, тіл мен мәдениет дамуы, толеранттылықты ту еткен Қазақстанның бірегей моделін жасауы әлем сахнасындағы беделімізді асқақтатып, болашақ бағытымызды айқындай түсті.
Осы орайда өткенге ой тастай отырып Нұрсұлтан Әбішұлының руханият саласына сіңірген орасан зор еңбегіне қатысты өз көзқарасымызды білдіргіміз келеді.
Өзге елмен терезесі тең, керегесі кең Қазақстанның барлық жетістіктері Елбасының есімімен тікелей байланысты екені баршаға аян. Міне, егемен ел атанғанымызға да 30 жылдың жүзі болып қалды. Осы жылдар аралығында мемлекеттік институттарды қалыптастыру, нарықтық экономиканы дамыту, заманауи саяси жүйе құру, тиімді әлеуметтік саясат жүргізу, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру және қоғамдық сананы жаңғырту үшін орасан зор жұмыстар атқарылды.
Елбасы саясатының арқасында еліміз ұлттық кодтың негізін құрайтын қазақ халқының ұлттық болмысын, тілі мен мәдениетін дамытудың жаңа деңгейіне көтерілді. Сонымен бірге барлық этностың үйлесімді дамуына жағдай жасалды.
Әсіресе Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің мәдениетін асқақтатудағы рөлін атап кетпеуге болмайды.
«Азаулының Ыстанбұлдан несі кем» дегендей, Қазақстанның жас әрі көркем астанасының іргесін қалап, санаулы уақытта әлем таңдайын қақтырған ару қаланы салдырған Елбасы осы шаһардың төсінде ұлттық рухымызды көтеру жағынан ғана емес, елімізді әлемге танытуымен құнды болған Ұлттық музей, «Астана Опера», «Астана Балет» театрларын және таланттардың бағын ашатын басқа да үлкен мәдени ошақтардың ашылуына мұрындық болды.
Соның бірегейі Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы мен қолдауы арқылы салынған Қазақ ұлттық хореография академиясы. Академия – елімізде және Орталық Азия өңірінде сұранысқа ие және Қазақстанның би өнерін халықаралық деңгейге шығаратын хореографиялық өнер қайраткерлерін көп деңгейлі даярлауды жүзеге асыратын бірегей білім, ғылыми-шығармашылық орталық.
2016 жылы академияның ашылу салтанатына қатысып, өскелең ұрпаққа ақ жол тілеген Елбасы бұл академияның бүкіл Орталық Азия елдері арасында осы үлгідегі алғашқы жоғары оқу орны екенін атап өткені есімізде.
«Бүгін біз астанада жаңа өнер ордасын салтанатты түрде ашып отырмыз. Бұл жерде ұлттық балет пен би шеберлерінің жаңа шоғыры оқып-тәрбиеленеді. Мұнда қазақстандық салт-дәстүр дамып, әлемдік деңгейдегі би өнерін дамытуға жаңаша қадамдар жасалды. Ұлттық хореография академиясы – біздің елімізде ғана емес, бүкіл Орталық Азия елдеріндегі осы үлгідегі алғашқы жоғары оқу орны. Онда қазақстандықтармен бірге өзге шетелдердің шығармашыл дарынды жастары оқитын болады. Еліміздегі бұл академия уақыт өте келе бүкіл Еуразиядағы балет пен би шеберлерін дайындайтын жетекші орталықтардың бірі болатынына сенемін», деді Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев.
Қазақ ұлттық хореография академиясының шәкірттері де өздеріне жүктелген зор сенімді ақтап, «Астана Балет» және «Астана Опера» секілді халықаралық деңгейде танылған театр сахналарында табысты өнер көрсетіп, талай халықаралық фестивальдар мен конкурстарда еліміздің атын асқақтатып жүр.
Жаңа хореография мектебі әлемдік классикалық балет мұрасымен қатар қазақтың халық биін дамытумен айналысып, тәуелсіз Қазақстанның ең талантты жастарының жігерін жандырып, қайратын қайрап бүгінгі таңда қызу жұмыстың қазанында қайнап жатқаны бар.
Ұлт мәдениеті мен руханиятының ұлы жанашырына айналған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жан-жақты қолдауы ұлан-ғайыр даламыздың түкпір-түкпіріндегі ұл-қыздардың бағын ашуда.
Міне, мерейтой иесі атанып отырған саңлақ саясаткердің бір ғана мысал негізіндегі сүбелі еңбегін көріп отырсыздар. Ал мұндай рухани шаңырақтар еліміз бойынша баршылық қой.
«Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді,
Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді,
Мың жылдығын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейді», деген дана қазақтың аталы сөзі бар.
Сондықтан саналы ұрпақтың сапалы тәрбиесіне жол ашқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі мыңжылдықтар тоғысында мәңгілік қала бермек.
Бибігүл НҮСІПЖАНОВА,
Қазақ ұлттық хореография академиясының бірінші проректоры