• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Шілде, 2020

Алматыда індет өршіп тұр

1097 рет
көрсетілді

Күн өткен сайын Алматыда эпидемиялық жағдай күрделеніп бара жатқаны қазір ешкімге де құпия емес. Мегаполисте коронавирус жұқтырғандар саны 6 мыңнан асып жығылды. Өкінішке қарай бұл сан өсіп барады. Қалада дәрі-дәрмек, дәрігерлер, жедел жәрдем, ауруханаларда орын жетіспеушілігі бар.

Дүйсенбіде қала әкімі Ба­қыт­жан Сағынтаев Алматы­дағы эпидемиялық жағ­дайды тұрақтандыру үшін қабылданып жатқан шаралар легін егжей-тегжейлі баяндап, жур­на­листердің сауалдарына жауап берді.

Қала әкімі онлайн-брифинг өткізіп жатқан кезде Алматыда індет жұқтырғандардың нақ­ты саны 6202-ге жетіп, корона­вирустың күн сайынғы өршуі 1,1 пайызды құрады. Бұл күндері инфекциялық стационарларда 1772 адам емделіп жатыр. Мегаполистегі науқастардың 349-ының жағдайы ауыр болса, 24-і хал үстінде. 1264 нау­қастың денсаулығы орташа деп бағаланса, 135 адам тәуір болып келеді. Дегенмен жағдайы қиын және ауыр пациенттердің саны артып барады. Өз кезегінде пневмония кеселіне шалдыққан алматылықтар қатары күрт кө­бейген. Өткен жылдың осы уа­ғымен салыстырғанда тыныс жолы ауруларынан көз жұм­ғандар саны 68,6 пайызға өсіпті.

«Алматыдағы жұқпалы аурулар стационарларына күн­делікті 100-ден астам адам келіп түседі. Инфекциялық ауру­лар­ды емдейтін мұндай меке­мелердің жүктемесі 85% құ­райды. Міндет – 1 қыркүйекке дейін жұқпалы және уақытша ауру­ханалардағы орынды 6 мың төсек-орынға дейін арттыру»,  деді Б.Сағынтаев.

Қала басшысы ең басты мақсат ауырған адамдардың барлығының емделуіне жағдай тудыру екенін атады. Бұл мәсе­леде Алматы билігі әрекетсіз отыр деп айтуға болмайды.

Б.Сағынтаев бірінші кезекте Мемлекет басшысының стационарлы көмек алуға қолже­тімділікті арттыру жөніндегі тап­сырмасы орындалатынына сен­діріп, осы аптаның соңына дейін ауру­ханаларда қосымша 500 орын ашылатынын жеткізді.

Қалада коронавирус ин­фекциясының таралуын болдырмау бойынша барлық бағытта белсенді жұмыстар жүргізіліп, амбулаторлық деңгейде «виртуалды инфекциялық аурухана» ашылды.

Сонымен бірге COVID-19 жұқ­тырған дәрігерлік көмекке мұқтаж науқастарды тәулік бойғы режімде тәуекел тобындағы нау­қас­тардың асқынуларының дамуын амбулаторлық деңгейде бақылайтын Мониторинг ор­талығы жұмысын бастады. Атал­ған шаралар жағдайы ауыр науқастарды, әсіресе қарт адам­дарды бақылауда ұстауға мүм­кіндік береді.

«Эпидемиямен күресте тү­бегейлі мәселе – барлық ауыр­ған адамдардың ем алуы үшін қо­сымша төсектік орын қорын құру. Бүгінде қалада коронавируспен күреске қуаты 3 340 төсектік орынға шақталған 19 стационар жұмылдырылып, ауру­ханалардағы орын 7 есеге көбейген. Психикалық ден­саулық орталығының негізінде қосымша 150 орын, Урология ғылыми  орталығының негізінде 150 орын ашып, Halyk Arena базасының негізінде 200 орынды  кезеңімен 1000-ға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Осылайша, осы аптаның соңына дейін қосымша 500 төсектік орын әзірленеді. Соны­мен бірге Halyk Arena база­сының негізінде жан сақтау бөлімі, тиісті құралдары  бар толыққанды стационар ашылады, науқастарға оттегі орындары қолжетімді болады», деді қала басшысы.

Алғашқы медициналық сани­тарлық көмек нысандарының деңгейінде мобильді бригадалар күшейтілуде, олардың құрамына бөлім меңгерушілері, инфекцио­нист дәрігерлер, эпидемиологтер, учаскелік дәрігерлер және мейірбикелер енген. Қазіргі уақытта 72 бригада мобилиза­цияланды және АМСК 297 қыз­меткері жұмылдырылды.

 

АЛМАТЫ