Жетісудың жақұты – Текелі қаласында Ата Заңның 25 жылдығы мен елорда күніне орай тутұғыр орнатылды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жүзеге асқан 13 жобаның бірі – тутұғырдың орнауы қала экономикасы өркендеуінің жаңа бір нышаны болғандай.
Көк байрағымызды көтеру құрметі қала тұрғыны, киокушинкай каратэден Азия және Әлем чемпионы Әсемай Акрамбекке бұйырды. Биіктігі 25 метр болатын тутұғыр Текелі тауларымен таласа бой көтеріп, көш жерден көз тартып, кіші қаланың көркіне көрік қосып, көркем табиғатпен жарасып тұр.
Тәуелсіздік алаңына орнатылған тутұғыр Текелі тұрғындарының елорда күніне тартуы болды. Моноқаланың халқы бұдан бұрын да ұзындығы 38 шақырымды құрайтын Д.Қонаев атындағы көшені мақтаныш тұтқан болса, енді оған қаланың көрнекі белгісінің бірі болып тутұғыр да қосылды.