Елорда күні қарсаңында көптеген қызылордалық тұрғындар қаланың сол жағалауындағы жаңа ауданнан баспана алды. Мерекемен орайлас келген жұртшылық қуанышына облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ортақтасты.
– Осыдан 1 ай бұрын осы сол жағалаудан 180 отбасы баспана алып, қоныс тойын тойлаған еді. Бүгін көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеуші отбасылар мен ата-анасының қамқорлығынан айырылған азаматтарға 160 пәтердің кілтін тапсырғалы тұрмыз. Қоныс құтты болсын, шаңырақтарыңызға шаттық ұяласын!, деді облыс әкімі.
Соңғы жылдары Қызылорда қаласында 12 жаңа шағын аудан, 7 тұрғын үй кешені бой көтеріп, 8,5 мыңға жуық тұрғын баспаналы болып отыр. Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қалада соңғы екі жылда республикалық, облыстық бюджеттерден, құрылыс компаниялар есебінен көпқабатты 31 тұрғын үй салынып, баспана кезегін жылдап күткен мыңнан астам отбасы пәтерлі болды. Осы жылдың соңына дейін арендалық және несиелік 24 үйдің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
Ал мереке қарсаңында 160 отбасы пәтер алып отырған тұрғын үйлерді «Жабдықтау», «Сапақ», «Нұр-Талап және К», «Астана-Сервис» ЖШС құрылысшылары салып шыққан. Сол жағалауды жаңа кейіпке енгізген құрылысшыларға аймақ басшысының Алғыс хаты табысталды.
Осы ауданнан 40 пәтерлі үйді мерзімінен бұрын салып бітірген «Нұр-Талап және К» ЖШС жетекшісі Қанатбек Керейтбаев құрылысқа негізінен отандық материалдар қолданылғанын айтады.
Салтанатты шарада баспаналы болғандар атынан көпбалалы ана Ләззат Жұбаниязова мерейлі мерекеде өздеріне көп қуаныш сыйлаған құрылысшыларға алғысын жеткізді.
ҚЫЗЫЛОРДА