Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов блогерлермен онлайн-кездесу өткізді. Кездесуге қоғамдық пікір көшбасшылары Нұрлан Өтешев, Аяз Би, Думан Қапасов, Самат Ысқақов және Альбина Әтен қатысты.
Әңгімелесу барысында қор қаражатын мақсатты жұмсау, сондай-ақ пандемия кезіндегі медициналық сақтандыру жүйесінің жұмыс мәселелері талқыланды.
Қордың басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов сондай-ақ әлеуметтік желілерде өз отбасына қатысты, көлік дауы туралы таратылған ақпаратқа түсініктеме беріп өтті. ӘСҚ басшысы бұл оқиға осыдан 13 жыл бұрын, 2007 жылы яғни Айбатыр Жұмағұлов әлі мемлекеттік қызметке келмеген кезде болғанын атап өтті. Бұл ақпарат әлеуметтік желіге төрт жыл бұрын жазылған еді.
«Пандемия уақыты, адамдарға сыйлықтар таратып, той тойлайтын кезең емес. Кейбір адамдар мұрағаттан төрт жыл бұрынғы әлеуметтік желілердегі посты шығарып, қазіргі таңда орын алғандай етіп көрсетіп отыр. Осындай жаңалықтарды тарату не үшін керек болғанын түсінбеймін. Бұл ақпарат халықтың ашу-ызасына тиеді деп ойлаймын. Бірақ бұл барып тұрған әдепсіздік деп білемін. Біздің отбасымызда бір ғана көлік бар», – деп атап өтті Айбатыр Жұмағұлов.
ӘСҚ басшысының айтуынша, әңгіме бір мезгілде көлік сатып алу туралы емес, оларды біртіндеп ауыстыру туралы болды. Айбатыр Жұмағұлов неке қиған 25 жыл ішінде ортақ отбасылық автокөлікті жаңартып отырғандарын айтты.
Осылайша қордың басқарма төрағасы жұртшылықпен диалогқа өзінің қай кезде де ашық ойын білдіре алатынын, кез келген сұраққа жауап бере алатындығын көрсетті.
Сонымен қатар Айбатыр Жұмағұлов қордың 1406 call-орталығы, сондай-ақ қосымшалар желісінде қолжетімді Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы қабылданатын азаматтардың шағымдарымен жұмысы туралы айтып берді.
«Қосымшаға қоңырау шалу кезінде іркілістер болды. Бұл қоңыраулардың көбеюіне байланысты, күніне 30 мыңға дейін қоңырау келіп түсті. Бірақ бізде call back, яғни кері қоңырау жұмыс істейді. Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы бар – бұл медициналық қызметтерге шағым жіберуге болатын механизм. Олар бас дәрігер мен денсаулық сақтау басқармасына келіп түседі. Егер шағымдар негізделген және шешілмеген болса, онда бұл мәселелерді жүйелі түрде талқылау үшін біздің штабтарға жеткіземіз», – деп атап өтті Айбатыр Жұмағұлов.
Қордың басқарма төрағасы блогерлердің сұрақтарына жауап беріп, мұндай кездесулер кең аудитория арасында ақпаратты тарату үшін ыңғайлы формат болып табылатынына тоқтала кетті. Кездесу соңында мұндай жиындарды жүйелі түрде онлайн-форматта өткізу ұсынылды.