• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 10 Шілде, 2020

Әр заманның берері мен алары бар

698 рет
көрсетілді

Адамзат үшін қай ғасыр жеңіл болған?! Әр ғасырдың өзінің арқалаған ауыр жүгі бар. Мәселен, өткен жиырмасыншы ғасырды, сол ғасырда өмір сүрген жандарды алайық.

Алысқа бармай-ақ, өзімнің әкем де өткен ғасырдың перзенті. Бала кезінде аштық пен жалаңаштықты көрген, жастық шағы Ұлы Отан, жапон соғыстарына тап келген, оқ пен оттың ортасынан аман шығып, елге келіп ауыл шаруашылығын көтерісіп, өмірі ат үстінде өтті. Әкемнің әңгімесін тыңдап отырып іштей «Бұл кісілердің көргенінің бәрі бейнет, ал мен болсам коммунизмге бара жатырмын...» деп ойлаушы едім. Өйткені мектептегі ұстаздарымыз бізге «коммунизм деген қоғам келеді, онда бәрі тегін және жеткілікті болады, дүкенге кіріп, ақша төлемей-ақ қажетіңді ала бересің, артық алмайсың, өйткені ол кезде сен жоғары саналы боласың, өзің үшін емес, қоғам үшін өмір сүресің, міне, осындай заманның шет жағасын сендер де көретін боласыңдар» деп үйрететін.

Осы жағдайды әкеме айтқан кезімде, әкем де мұғалімдерді қостайтын. «Біздің көргенімізді сендердің бастарыңа бермесін. Өйткені сендер қарын ашқан кезде қандай шөптің тамырын қайнатып ішуге болатынын, құсты тұзақпен қалай аулайтынын да білмейсіңдер. Бірақ әр ұрпақтың өз көрешегі болады, көрешектерің жеңіл болсын» деп қоя салушы еді.

Содан бері жарты ғасырдай уақыт өтті, бала кезде мұғалімдеріміз қызықтырып айта беретін коммунизм елес күйінде қалды. Утопия дегеніміз осы шығар. Есесіне біз жиырмасыншы ғасырдан коммунизмнің орнына тәуелсіздігімізді алып шықтық. Сонымен екі бірдей дүниежүзілік соғысты бастан өткеріп, бай мен кедей, капитализм мен социализм болып итше ырылдасып, бір-біріне қарсы тұру үшін ядролық қаруды ойлап тауып, тұңғыш рет ұшаққа мініп аспанға самғаған адамзат баласы жиырмасыншы ғасырды артқа тастады.

1800 жылы жер бетіндегі халық саны 1 млрд болса, 1900 жылы 1,65 млрд-қа, ал 2000 жылы 6,07 млрд адамға жеткен. Яғни жиырмасыншы ғасырда адамзат саны 3,6 есе өскен. Міне, адамзат еселеп көбейіп жатты. Балағынан бала саулаған қазақ халқы 1917 жылы 5 млн-ға жуық болса, 2000 жылы 10 млн 986 мың адамды құраған. Яғни екі есе ғана өсе алған. Себебі халықтың жартысына жуығы аштан қырылған. Демек, жиырмасыншы ғасырда қазақтың тапқаны да аз емес, жоғалтқаны да жетерлік.

Енді міне, жиырма бірінші ғасырдың екі онжылдығын артқа тастағалы тұрмыз. Соған қарамастан, бұл ғасырдың болмысы бізге әлі белгісіз күйінде қалуда. Мәселен осыдан бірер жыл бұрын жердің жүзін коронавирус аталатын белгісіз жұқпалы дерт жайлайды, ол барша адамзатты көшеден үйіне қуып тығады, осыдан ел мен елдің араласуына үлкен нұқсан келіп, әлемдік экономика құлдырайды деп кім ойлаған?..

Осыған орай бір қызық жайт, атам қазақтың «асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой жайып, көтен жеген озар» деген мақалын бәріміз білеміз. Әдетте қазақ мақал-мәтелдерінің мүлт кететін жері жоқ, олардың қай-қайсысы болсын, өмір шындығымен қабысып жататыны белгілі.

Қазақтың мүлт кеткен бір мақалы болса, дәл осы мақал шығар деп ойлайтынбыз. Өйткені доп ойнайтын футболшылардың қырып ақша табатынын, әлемдегі ең танымал адамдар солар екенін, ал қой жаю ешкімді қызықтырмайтынын, қазіргі жастардың мал бағудан қашатынын бәріміз көріп жүрміз ғой. Коронавирус осыған ептеп түзету жасаған секілді. Себебі футбол ойнайтын стадиондардың бәрі бос қалып тұр. Ал қойдың құйрық майы өкпесі ауыратындар мен суық тигендер үшін ем екені қоғамда жиі айтыла бастады, қойдың сорпасын ішу керек деген кеңестер берілуде. Сонда бүгінгі өмірге қабыспай қате айтылды деген осы мақалдың өзі шындыққа айналғаны ғой.

Иә, әкем айтпақшы, әр ұрпақтың өзіне тән көрешегі болады екен ғой. Аға ұрпаққа қарағанда өміріміз бірсыдырғы жақсы өтті дейтін біздің өзіміз де біраз қиындықты бастан өткеріп тастаған секілдіміз. Тәуелсіздікпен қабаттаса келген ел өміріндегі ауыртпалықты көрдік. Бірнеше экономикалық дағдарысты бастан өткердік. Енді, міне, коронавирус деген бәле шығып, бүкіл адамзат дағдарып тұр. Мұның да емі табылар. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен дейміз.