Әлем күтпеген індетпен халқымыз бетпе-бет келгенде барлық сала абдырап, тосырқап қалғаны рас. Жаһанның алдында тұрған күрмеуі қиын сынақ елді дүрліктіріп, ауыр жағдайларға алып келгені өкінішті болып отыр.
Дегенмен ел Президенті Қ.Тоқаевтың қоғамдағы жағдайға шынайы, ресми баға беріп, денсаулық сақтау жүйесінде жіберілген қателерді түзеуге байланысты жүзеге асырылатын іс-шараларды ашық түрде жариялағаны анықтаушы фактор болды.
13 шілденіні Ұлттық аза тұту күні деп белгілеу, осы індеттен қайтыс болған азаматтарымызды еске алу – адамдық борышымыз. Жақынынан айрылған әрбір отбасына қайғырып көңіл айтамын. «Адам баласына адам баласының бәрі – дос», деп ұлы Абай айтқандай, әлемді кесел жайлаған дүрбелең кезінде халқымызға ең бастысы сабырлылық, достық, бауырмалдық қажет. Ауыр сынақтан береке-бірлікпен, ынтымақпен өтуіміз абзал.
Бұл індетпен күрес барысында кез келген нәрсеге немқұрайды, үстірт қарауға болмайтындығын уақыт анық көрсетті. Әрине, «тас түскен жеріне ауыр», ең ауыр салмақ Денсаулық сақтау министрлігіне түсетіні рас. Дегенмен медицина, дәрі-дәрмек саласындағы іс-шараларды ушықтырмай, ақылмен ұйымдастыра отырып қиындықтан шығу – бәрімізге міндет. Президент дәрі-дәрмектің бағасын пайдакүнемдік мақсатта өсіріп, онсыз да қиын жағдайды белгілі бір мақсаттарға пайдалануға тырысқандардың тиісті органдар тарапынан қатаң жазаланатынын айтты. Жаһандық індетпен күресуде әрекетсіздік, шарасыздық, енжарлық танытқан жауапты тұлғалардың заң тұрғысынан жауапкершілігі жеке қарастырылатынын мәлімдеді. Сындарлы сәтте ішкі бірлігімізді сақтай отырып, кез келген кедергіден, қиындықтан саналы сабырмен, пайымды парасаттылықпен өтуге болатындығын ұқтырды.
Халқымызға амандық тілеп, карантин шараларын қатаң сақтауға, ал тиісті мемлекеттік органдарды өз қызметіне қырағы жауапкершілікпен қарап, халықтың жағдайын жасауға шақырамыз, себебі біздің мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – халқымыз!
Мұхтар ТӨЛЕГЕН,
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, профессор