Өлшеніп берілген ғұмыр деген осы екен. Ұлт руханиятының саңлағы, аты-жөні музыка әлемімен біте қайнасқан үлкен тұлға Кеңес ағамыздың да уақыты жетіпті. Қабырғалы қалың елі оның есімін ұмытпайтынын, сондай-ақ осы уақытқа дейін тыңдармандардың жүрегін әлдилеп келген әдемі әуендерінің де халықпен бірге жасаса беретінін ойлап, дәтке қуат етеміз.
Әрі сазгер, әрі ұйымдастырушы жарқын тұлға Кеңес Дүйсекеев соңына шоқтығы биік туындылар қалдырды. Оның камералық оркестрге, фортепианоға арналып жазылған «Жалаңтөс батыр» симфониялық поэмасы, «Толғау», «Астана» симфониялары, «Жыл мезгілдері» романстар циклы, «Жайлау таңы», «Жайлаудағы көш» сонаталары, басқа да көптеген романстары талғампаз зерттеушілерден лайықты бағасын алған, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырған бірегей туындылар. Кәсіби әншілердің орындауындағы «Сәлем саған, туған ел», «Домбыра туралы баллада», «Толғау», «Еркеледің сен», «Ғашықтар әні», «Өкінбе сен», «Қарағым-ай», «Арман, арман», «Ойлан, балам», «Айнакөл» сияқты танымал әндердің де әуенінен Кеңес ағаның қолтаңбасы анық көрініп тұр. Сондай-ақ «Мәди», «Аққу» «Жібек» сынды мюзиклдары, «Алдар көсе» опереттасы оның сан қырлы дарын иесі екенін айғақтайды.
Ол шығармашылығын шыңдай жүріп «Гүлдер» ансамблінің бас дирижері және музыкалық жетекшісі боп еңбек етті. «Қазақконцерт» бірлестігінің музыка жетекшісі, Қазақ теледидары музыка редакциясының бас редакторы сияқты жауапты жұмыстарды да музыка әлеміне адал қызмет ете жүріп атқарды. Біз аяулы сазгердің алды жарық, арты кеніш болуын тілейміз. Отбасына, туыстары мен достарына, рухани жақын жандарға қайғыра көңіл айтамыз.
Егеменқазақстандықтар