Бірқатар өңір жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес санының қысқаруына жол беріп отыр. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорда баспасөз қызметінің Twitter-дегі парақшасына сілтеме жасап.
"Шағын және орта бизнесті қолдау үшін дағдарысқа қарсы бірқатар теңдессіз шара қабылданды. Дегенмен, өңірлердің басым бөлігінде жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілері санының қысқаруына жол берілген", - деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президентінің дерегінше, мұндай олқылық 8 өңірде орын алған. Ал Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарында ШОБ саны қатты қысқарып кеткен.
Айта кетейік, видеобайланыс арқылы өтіп жатқан жиында Үкімет 2020 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы есеп берді.
Сондай-ақ коронавирусқа қарсы күреске қатысты қабылданған шаралар, Мемлекет басшысының Үкіметтің алдағы уақытта атқаратын жұмысының негізгі бағыттары бойынша берген тапсырмалары мен міндеттері қарастырылды.