• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 11 Шілде, 2020

Эко-белсенді: Президенттің экология саласындағы бастамасы аса маңызды

548 рет
көрсетілді

Бес жылдан аса каспий итбалығы тақырыбын зерттеп жүрген эколог Әсел Баймұқанова ҚР Президентінің халық арасындағы, мектеп жасынан бастап, экологиялық білім берудің маңыздылығы туралы сөзін естіп, қанаттанып отыр, - деп хабарлайды Egemen.kz.

"Адамдарға өңірлердегі қызыл кітапқа енгізілген жануарлар туралы айтып, түсіндіру қажет. Көп адам өзі өмір сүріп жатқан өңірде қорғаудағы жануарлар мекендейтінін білмейді. Оларды қорғау керек екенін, өшпенділікпен қарамау  керек екенін білмейді. Егер бала кезден табиғатты аялауға үйретсе, қазірде ондай проблема туындамас еді. Сондықтан  Президент айтқан бастама әбден пісіп-жетілген әрі Қазақстанға керек, - дейді ол. 

Эко-белсендінің айтуынша, Қазақстанда шын мәнінде, мектептен бастап, экологиялық білім беру қажет. Ақтаудағы итбалықтарды таспен, таяқпен ұрып жатқан соңғы бейнекөрініске қарағанда, бізде адамның жануарлар дүниесімен үйлесімділігі қалыптаспағаны анық. Адамдар егер жолында жабайы аң кездесе қалса, не істеу керегін білмейді. Сондықтан, мектептерде экологиялық білім беру пәнін енгізу қажет.

"Менің ауаның тазалығы, қоқыстарға қатысты да айтарым бар, - дейді эко-белсенді. - Мәселен, бізде Каспийдегі балық аулайтын торлар мен теңіздегі қоқыстар туралы жоба болды. Бұл мәселені де мектеп оқушыларымен кеңінен талқылау қажет. Каспий жағасынан 20 күн ішінде біз 20 тонна қоқыс жинадық. Бұл Маңғыстау облысындағы Баутино, Форт-Шевченко және Генерал саяжайы маңында орын алған көріністер. Жағалау қоқыстан аяқ алып жүргісіз. Демалуға келген адамдар тағы тастауда. Біз 3 тонна балық аулайтын торларды да жинадық. Осы бетпен кете берсе, қоқыстан бас көтере алмай қаларымыз анық! Бұдан басқа, Каспийден қоқыстың арасынан микропластиктерді де таптық. Пластик ыдырамайтын болғандықтан, бұл да экология үшін үлкен проблема. Судағы микропластикті балықтар жеп, олар кейін біздің ағзамызға түседі. Экологиялық тәрбие балалардың қоқыстардың қоршаған ортаны ластау арқылы біздің өзімізге зиян тигізетінін түсінулеріне көмектесер еді. Президенттің осындай бастамасынан кейін экология мәселесі жандана түседі, проблемаларды шешу мақсатында осы бағыттағы ғылым да қаржыландырылады деген үміттенемін", - дейді ол. 

Әселдің бес жылдан бері Каспий итбалығының жағдайы туралы тақырыпты терең зерттеп жүргенін атап өткен жөн. Оның магистрлік диссертациясы  Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі жатақтарын құру кезіндегі итбалықтардың мінез-құлқының экологиялық сипаттамасы (Pusa caspica) тақырыбына арналған. Ол сонымен қатар, "Теңіздің экожүйесін сақтау" қозғалысының көшбасшысы әрі ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің атынан Қазақстандағы эко-амбассадор. 9 ғылыми жарияланым иесі, түрлі экологиялық мектеп, семинар, конференциялардың бірнеше мәрте спикері және қатысушысы.