Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына қатысты танымал актер, әрі әзілкеш Нұртас Адамбай пікір білдірді, - деп хабарлайды Egemen.kz.
"Адамдар қоршаған ортаға деген көзқарасы мен қарым-қатынасын өзгертсе екен деп ойлаймын. Экология саласына жануарлар әлемін қорғау мәселесі де кіреді. Елімізде үй жануарларын қорлау деректері көп тіркелуде. Ақтауда итбалықтарды ұрып жатқан оқиғалар да болды. Тіпті, бұл туралы «NewYorkPost» басылымында мақала жарияланып, халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Бұл біздің мемлекеттің беделіне айтарлықтай нұқсан келтіруде. Қаншама халықаралық маңызға ие жиындар мен шараларды өткізіп жатырмыз. Алайда, осындай бірлі-жарым жайсыз оқиғалар бар еңбегімізді жоққа шығарады. Сөйтіп, біз өзімізді мәдениетсіз адамдар ретінде көрсетіп аламыз. Негізінде, біздегі халықтың бәрі ондай емес қой?!", - деп жазды Адамбай.
Оның айтуынша, мұны кейінге шегере беруге болмайды. Адамдар өздерін жер шарының қожайыны екенбіз деп сезінді.Табиғатты құрыта бастады. Жер астындағы қазба байлықтың бәрін аяусыз қазып алып, орнын ештеңемен толтырмады.
"Қасым-Жомарт Тоқаев осындай мәселелерге көңіл бөліп отырғандығы қатты қуантады. Әйтеуір,бұл проблемаларға көңіл бөліне бастады. Шыны керек, біз қоршаған ортаға бір тіршілік әлемі ретінде емес, жансыз дүние сияқты қарап келеміз ғой?! Мысалы,біздің елде итті таспен ұру дөрекілік болып саналмайды. Мен соңғы кездері «бүгін кішкентай жануарға зиянын тигізген адам, ертең адамзат баласын да аямайды» деген оймен келісе бастадым. Тіпті, анау бір деректі фильмде де көрсетеді ғой. Бір жауыз адам басында жануарларды азаптап өлтіреді де, ең соңында адам өлтіріп, оны бейнетаспаға жазып алады. Демек, бұлай жалғаса берсе, адамдар өздері ғана азғындалып кетпейді. Қоршаған ортаны да құрытады деп ойлаймын",- деді актер.