• RUB:
    5.53
  • USD:
    471.46
  • EUR:
    504.79
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Шілде, 2020

Қарағандыда қорқор клубына қомақты айыппұл салынды

186 рет
көрсетілді

Кеншілер астанасында карантин кезінде қызметіне тыйым салынғанына қарамастан, шаруасын дөңгелетіп жүрген көңіл көтеру мекемелері бірінен соң бірі анықталып жатыр, – деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Таяуда Қарағанды облыстық өңірлік жедел штабының тексеру комиссиясы санитарлық ережелермен белгіленген талаптарды сақтау бойынша рейд өткізу барысында қаладағы танымал қорқор клубының тәртіп бұзғанын анықтады.

Тексеру барысында белгілі болғандай, аталған клубқа тек тұрақты клиенттер ғана кіреді екен. Олар мекеме әкімшісіне телефон арқылы алдын ала тапсырыс беріп, орындарды брондап отыратын көрінеді.

Тексеру комиссиясының ұйғарымымен тыйым салынған уақытты елемей жұмыс істеген клуб басшылығына 230 АЕК (640 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салу жөнінде хаттама толтырылды.

Ескерте кететін бір жайт, тексеру кезінде көңіл көтеру мекемесінде болған демалушыларға қатысты қандай да бір жауапкершілік қарастырылмаған.

Бұдан бөлек, Қарағанды қаласы бойынша жүргізілген рейд барысында жұмыс уақытының шектелуін бұзған бірқатар дәмханалар мен автокөлік жуу орындары да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.