Қазақтың ақын қызы Айнұр Тұрсынбаева шет елдерден елімізге жасанды өкпе желдеткіштерін жеткізу мәселесін қолға алған. Басында ол өз қалтасындағы 5 млн теңгеге Түркиядан 20 аппарат сатып алмақ болады. Кейіннен өзіне көмектесуге ниетті адамдар қарасы көбейгеннен кейін осы іспен беріле шұғылданады.
Сөйтіп ол құрған қорға аз уақыттың ішінде біршама қаражат жиналады. Ол бұл туралы бүгін Инстаграм әлеуметтік желісіндегі өз парақшасында былай деп жазды:"Ал сүйінші!!! Иә, айналдырған 5 күнде 825 аппараттың қаржысын жинап тастадық.. Оңай болған жоқ! Дәулет Мұқаев, Динара Сатжан үшеуміз 24 сағат телефонда отырып жеткен жетістігіміз осы болды.. Кішкене көпшік қойып жіберсеңіздер 1000-ға жеткізіп тастауымыз мүмкін... Жә, қатты күшенбей-ақ қояйын.. Қалталы азаматтарға жалынып жаздық,өлеңдетіп жаздық..Кімнен, қалай жинағанымызды айтып миларыңызды шірітпей-ақ қояйын.. Кімнің қанша бергенін де айтпай-ақ қояйын.. Себебі қара халықтың тиындап бергені қалталы байдын миллионынан құнды екенін білесіздер... 125 апарат Түркиядан бүгін жетеді..700 апаратты 10-15 күннің ішінде Қытайдан алып келетін болдық... Денсаулық сақтау министрі Alexey Tsoy жеткізуге және таратуға көмектесетінін айтып қуантып жатыр.."Қазіргі күні елімізде Айнұрдың бастамасын іліп алып кетіп, шет елден жасанды өкпе желдеткіші мен басқа да медициналдық құралдар жетізу ісімен шұғылданушылар қарасы да байқала бастады. Ал бизнесмен Айдың Рахымбаев болса, өз күштерімен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан індетке шалдыққан халықты тегін емдейтін емханалар ашу ісімен шұғылдануда.Мұндай азаматтық бастамалар қысылған халқымызға үлкен сеп екендігі анық.
Үкімет тарапынан осындай белсенді топтардың әрекетіне қолдау жасалуы тиіс деген ойдамыз.