Президент Қ.Тоқаев дағдарыс қоғамдағы әлеуметтік сәйкессіздікті, азаматтардың орталық және жергілікті билікке деген теріс пікірі мен сенімсіздігін көрсетті. Мемлекеттік басқаруды қайта құру қажет. Ол жергілікті өзін өзі басқаруды айтарлықтай күшейтуді көздейтін саяси реформалардың бір бөлігіне айналады, деді.
Коронавирус пандемиясымен күрестің жарты жылынан кейін сарапшылар алғашқы қорытындыларын шығара бастады – кім, қай мемлекет және ұлт COVID-19 қатерін жеңіп шыға алды. Сонда алғашқы қорытындылар мынадай: «типтік емес пневмония» эпидемиясын өткерген елдердің тәжірибесі коронавируспен күрестегі жетістіктің маңыздылығы жағынан бірінші факторы болды (SARS, 2003 жыл, инфекцияның таралуы бойынша бақылау шараларымен тоқтатылды). Ал жетістіктің маңыздылығы жағынан екінші фактор – сенім. Пандемия жағдайында вирустың таралуына тосқауыл қоюдың жетістігі тікелей мемлекеттік бақылау тетіктерінен емес, азаматтардың ерікті қатысуына тәуелді. Ал азаматтардың қатысуы олардың мемлекетке, мемлекеттік органдарға сеніміне негізделеді.
Біздің сарапшылар, әлеуметтанушылар, саясаттанушылар қоғамдағы сенімнің жеткілікті жоғары деңгейде емес екенін бұрыннан айтып келеді. Егер әдеттегі жағдайда бұл өте теорияландырылған қорытынды сияқты естілсе, онда пандемияның жарты жылында сенімсіздіктің «қолданбалы» сипатын – үрей туғызу және жоғары деңгейдегі белгісіздік, инфодемия, мемлекет пен азаматтардың әрекеттерінің келісілмеуін бәріміз сезіндік.
Өкінішке қарай, мемлекеттік секторға сенім деңгейі шешуші көрсеткіш болып табылмайды, ол орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларында, өңірлерді дамыту бағдарламаларында жоқ. Ал бүкіл әлемде мемлекетке деген сенім төменнен жоғарыға – жергілікті басқарудан орталыққа қарай қалыптасады (Edelman Trust Barometer 2020, мемлекеттік басқарудың әртүрлі деңгейіндегі сенім деңгейін салыстыру).
Сондықтан халықтың ең алдымен қала, елді мекендер, аймақтар әкімдеріне деген сенімін арттыру міндеті COVID-19-ға қарсы күрес стратегиясының бір бөлшегіне айналуы қажет. Себебі сенім қоғамның мінез-құлықтық ұстанымына байланысты кез келген мемлекеттік саясат үшін өте маңызды.
Ашық мемлекет саясаты бұдан былай қарай бір-екі орталық мемлекеттік органның ведомстволық міндеті болып қалмауы керек. Сенім көрсеткіштері мемлекеттік жоспарлау, өңірлік саясат жүйесіне енуі қажет, мемлекеттік сектордағы кадрлық шешімдер үшін негізге айналуы тиіс.
Бюджеттің мәліметтерін, есептерін және ашықтығын жариялау туралы алғашқы кешенді саясат 2015 жылы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру шеңберінде енгізілген болатын. Қазір оларды қайта бағалау, қатаңдату және жетілдіру уақыты келді.
Бүгінде халықтың мемлекеттік жүйелерге, қызмет көрсету сервистері мен провайдерлеріне, сондай-ақ жеке адамдарға деген сенім деңгейін анықтау бойынша жүйелі зерттеулер өткізу қажет.
Сабина САДИЕВА,
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары