• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Шілде, 2020

Батыс Қазақстанда індет құрбандарын аза тұтты

369 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес Ұлттық аза тұту күні Батыс Қазақстан облысында да бірнеше шарамен аталып өтті деп хабарлайды Egemen.kz.

Тұңғыш Президент алаңындағы Мемлекеттік Ту тұғырында, облыстық перинаталдық орталық және облыстық әкімдік ғимараты алдында өткен шарада жиналған өңір басшылары, жүргіншілер және дәрігерлер covid-19 құрбандарын және осы індетпен күресте қаза тапқан әріптестерін бір минут үнсіз тұрып еске алды.

Нұр-Сұлтан уақытымен дәл 12 сағатты соққан сәтте Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, облыс әкімінің орынбасарлары Орал қаласындағы Абай алаңына қарсы тұста қауіпсіз арақашықтықты сақтап тұрып, індет құрбандарын еске алды.

- Бүгін бүкіл еліміз аза тұтып жатыр. Қатерлі аурудан қаза тапқан отандастарымызды қайғыра еске аламыз. Әрине, осындай бейбіт кезде елдің берекесін алған пандемия талай азаматымызды арамыздан жұлып кеткені көңілімізге қаяу түсіреді. Марқұмдардың қазасының арты қайырлы болсын дейміз. Біздің ендігі басты міндетіміз – қазір ауырып жатқан қазақстандықтардың жазылуына жұмылып, дәрі-дәрмекпен, медициналық құралдармен жабдықтап, мемлекеттік деңгейде көмек көрсету. Вирус жұқтырған отандастарымыз, әсіресе осы індетпен күресте алғы шепте жүрген біздің дәрігерлеріміз тезірек жазылып кетуін тілейміз, - деді облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Иманқұлұлы.

Бұл күні Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы Батыс Қазақстан облысы бойынша өкілдігі облыстық орталық мешітте "Құран-хатым" түсіріп, сауабын елімізде індет салдарынан марқұм болған қандастарымыздың рухына бағыштады. Осындай шара жергілікті православ шіркеуінде де өтті.

Батыс Қазақстан облыстық перинаталдық орталық алдында үнсіз шеру жасаған дәрігерлер жақында ғана өмірден өткен орталық басшысы, жоғары дәрежелі дәрігер, еліміздің денсаулық сақтау саласы үздігі Николай Дмитриенконың суретін ұстап тұрды.

Николай Борисұлы саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына, адамдарды аурудан емдеп, ажалдан құтқаруға арнаған айтулы маман еді. 1976 жылы Ақтөбе медициналық институтын бітіріп, еңбекке араласқаннан бері Орал қаласындағы перзентханаларда еңбек еткен. 44 жыл өмірін денсаулық сақтау саласына арнаған дәрігер соңғы 15 жылдан бері Батыс Қазақстан облыстық перинаталдық орталығын басқарып, денсаулығында ақауы бар жүкті келіншектер мен сәбилердің өмірін құтқарумен айналысты. Әріптестері Николай Дмитриенконы білікті маман, шебер ұйымдастырушы, әділ басшы ретінде жақсы көретін.

Осындай шара Батыс Қазақстан облыстық жедел медициналық жәрдем стансасының алдында да өтті.

Ресми дерек бойынша covid-19 пандемиясынан Батыс Қазақстан облысында 22 адам қайтыс болған. Ал індет басталғалы өңірде 3086 адам жазылып, қатарға қосылған.

 Батыс Қазақстан