• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Руханият 14 Шілде, 2020

Тыл ардагерлері өзгеріс күтеді

732 рет
көрсетілді

Елімізде жақында «Арда­герлер туралы» жаңа заң қабыл­данып, қолданысқа енді. Осы құжатта тәжік-ауған шекарасы, т.б. әскери қимыл орындарында болған сарбаздар жаңа мәртебеге ие болып, рахметін айтуда. Дегенмен жаңа Заң­нан күткен үміті ақталмай қал­ған­дар да бар. Олар – Ұлы Отан соғысы кезіндегі тыл арда­гер­лері.

– Біз – балалығымызды соғыс ұрла­ған, қаршадайымыздан қара жұмысқа жегіліп, «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деп ерте есейген ұрпақпыз. Жиырма миллион Кеңес халқын жалма­ған сұм соғыстың ауыртпалығы біздің де балғын қабырғамызға батты, бала иығымыздан басты. Майданнан келген қара қағаз, аналарымыздың зарлы жоқтауы біздің де бала жүрегімізді оқтан бетер паршалады, – дейді оралдық Асқар Атаев ақсақал.

Шынында да, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары көп қиыншылық көріп, әкелері соғысқа кеткенде анасымен бірге ауыр жұмыс атқарып, Жеңісті жақындатуға елеулі үлес қосқан тыл ардагерлері жаңа Заңды асыға күткен еді. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары қазіргі тыл ардагері атанған балалар егін ору, мал бағу жұмыстарын атқарып, зауыт, фабрикада күні-түні жұмыс жасады. Соның ішінде Асқар ақсақал туып-өскен Батыс Қазақстан облысының Жәнібек және Орда аудандары неміс ұшақтарының бомбасы астында қалып, соғыстың ащы түтінін де жұтқан еді. Жау бомбасынан зардап шеккен ғимараттар мен жол, т.б. жүйесін қалпына келтірушілердің қатарында да үлкендермен қатар осы балалар жүрген.

– Алайда «Ардагерлер туралы» жаңа заңда Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі тыл ардагерлері – 1927-1936 жылдары туған қазақстандықтар ту­ралы ештеңе айтылмаған. Олар әдет­тегі еңбек ардагерлерімен бірге жазылып кетті. Бір ауыз сөзбен болса да ерекшелеп, ескеріп, мемлекеттік қол­дау шаралары болатыны айтылмады. Екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы жеңістің 75 жылдығы тұсында қабылданған бұл заңнан біз ерекше үміт күткен едік, – дейді Асқар ақсақал.

Бұл ардагерлер заң жобасы талқы­ланып жатқан кезде-ақ дабыл қағып, жергілікті ардагерлер кеңесінде, пле­­нумда бұл мәселені талқылаған. Сөйтіп, тиісті ұсыныстар енгізу жө­нін­де Мәжіліс, Сенат депутаттарына да арнайы хаттар жіберген. Тыл ардагерлерінің тілегін жеткізген бұл хатқа өлкеге белгілі ардагерлер – партия, кеңес қызметкері, өлкетанушы Жайсаң Ақбаев, Батыс Қазақстан об­лыстық атқару комитетінің және облыстық мәслихаттың бұрынғы жауапты қызметкері, тыл және еңбек ардагері, 1936 жылы туған Сайын Айт­қалиев, мемлекет және қоғам қай­раткері Мұс­та­хим Ықсанов атын­дағы қордың төрағасы, Батыс Қазақ­стан облысы  Билер одағы кеңесінің төрағасы, тыл және еңбек ардагері Асқар Атаев, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңе­сінің ХІ шақырылымының депутаты, партия, шаруашылық қызметкері, тыл және еңбек ардагері Әділғазы Нұрғалиев, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Х шақырылымының депутаты, партия, кеңес қызметкері, тыл және еңбек ардагері Ғазез Хаймулдин және басқалары қол қойған болатын. Бірақ бұл ұсыныстар ескерілмей, нәтижесінде заңды дайындаған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігі әзірлеген жоба сол күйін­де қабылданып кеткен.

– Біз ең жасымыз 85-ке, алдымыз 93-ке келген, дұрыс балалық ша­ғы­мыз болмаған, өміріміздің аз уақыты қалған, жыл сайын азайып, «бала күнімізде шеккен бейнетіміздің зейне­тін қашан көреміз?!» деп жүрген тыл ардагерлеріміз. Көршілес Ресей Федерациясының 23 аумағында «Соғыс балалары» атты заң күшіне енген, онда 1928 жылдың 22 маусымы мен 1945 жылдың 4 қыркүйегі арасында дүниеге келген балаларға әлеуметтік қолдау, мемлекеттік көмек шаралары қарастырылған, – дейді тыл ардагерлері.

Ақсақалдардың әңгімесінен бай­қа­­ғанымыз, олар ең алдымен әлеу­меттік көмектің аздығына емес, аты аталмай, елеусіз қалғанына наразы сияқты. Мысалы, жақында қабылданған «Арда­герлер туралы» заңда әскери және аза­маттық борышын шет жерлерде өтеген аза­маттардың да әлеуметтік және құқық­тық мүдделерін қорғайтын санат енгізілген. Әрине, олардың да ел алдында еңбегі болар. Бірақ балалық шағын соғыстың «суығы ұрған», майданның ауыртпалығын марғасқа жігіттермен бірге көтерген «соғыс балаларына» ерекше санат, арнайы мәртебе керек сияқты. Күн санап аза­йып бара жатқан тыл арда­герлерінің талабы осындай.

 

Батыс Қазақстан облысы