Кеше мемлекетіміздің Туы түсіріліп, еліміз мешіттерінде Құран қатым дұғасы оқылды. Жиілеп кеткен жаманат хабардан қабырғамыз қайысып отыр. Қазақ халқы қаншама аяулы азаматынан айырылды.
Ел-жұртымызға қайғырып көңіл айта отырып, сабырлыққа шақырамыз.
Жыл сайын Алматы маңындағы Жаңалық қорымына барып, 1937-1938 жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Сәкен, Ілияс, Бейімбеттей тұлғаларымызға тағзым етіп, Құран оқып, аза тұтып қайтатын едік. Мына Аза тұту күні де соның жалғасындай болып тұрғаны жанымызға батады. Баспасөзде, әлеуметтік желілердегі жантүршігерлік қаралы хабарларды қай-қайсымыз болсақ та бей-жай қабылдай алмай отырғанымыз анық. Амал қанша. Бірнеше жақынынан айырылып жатқан шаңырақтар бар. Алла қайғының артының қайырын берсін. Бұл халқымыз үшін қасіретті күн. Суыт хабар келмесе екен деген тілек баршамызға ортақ. Еліміз үшін әрбір азаматтың өмірі қымбат. Сондықтан өзімізге-өзіміз бекем болып, іргемізді бекітіп, карантин талаптарын қатаң сақтап отыруға тиіспіз. Санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтағаннан басқа амалымыз қалмады. Ел Үкіметі де қарап қалмай, қолдан келген шараларды ұйымдастыруда. Әзірге нәтижесі болмай тұр.
Жүрсін ЕРМАН,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері