Қазақтың иен даласын мекендеген отандастар, жақындарымыз бен туыстарымыз! Ел басына төнген осынау қиын кезеңде бақилық болып кеткен жандарға Құран бағыштай отырып, алдағы уақытта бір-бірімізді күтіп, жақындарымызға қамқор болайық дегім келеді. Осылай ғана біз белгісіз індетті жеңе аламыз.
Осы орайда өз ісіне қалтқысыз берілген, науқастардың сауығып кетуіне жанын сала жүгіріп жүрген медицина саласының қызметкерлеріне қолдау көрсетейік. Өйткені олардың жұмысы онсыз да қиын. Біздің көмегіміз ауа жайылушылықтан арылып, карантин кезінің қатаң тәртібіне бағыну. Бұл өзіміз үшін ғана емес, өзгелердің де аман-саулығы үшін ауадай қажет. Мен адамзаттың осынау індетті жеңіп шығатынына сенімдімін. Ал онымен күресте қандай жағдай болмасын өзімізді, өзіміз арқылы айналамыздағы адамдарға қамқорлық көрсете аламыз. Әрқайсымыз жан-жағымызға жанашырлық танытқанда ғана адамзат басына төнген ауыр күндер артта қалады.
Еліміздің болашағы жолында баршамыз аман болайық, ағайын.
Тарихтың талай тар жол, тайғақ кешуінен өткен қазақ көрмеген қасірет бар ма? Төрткүл дүниенің төбесінде әңгір таяқ ойнатқан мына коронавирус та соның бірі болса керек. Әлемнің әр шалғайындағы ғұлама ғалымдардың қайрат қыла алмай отырғанына қарағанда, бұл оңай жау емес. Әйтсе де адамзаттың ақыл-ойы түбінде жеңіске жететініне өз басым шүбә келтірмеймін. Ендеше, алдан туар ақ күннен үмітімізді үзбейік. Бәріміз жақсылықтың аты озуына жан-тәнімізбен тілекші бола білейік.
Бақытжан ҚАНАПИЯНОВ,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері