13 шілде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Аза тұту күні деп жарияланды. Расымен де, біздің еліміз ғана емес, күллі әлем қазір қиын жағдайда тұр.
Қазақ ұлттық өнер университетінің ұжымы болып біз де індеттен көз жұмған жандарды аза тұттық. Ойландық. Келешекте атар жарқын күндерге үлкен үмітпен көз тіктік. Өйткені бұл індет ұжымымыз үшін де оңай тимеді. Университетіміздің профессоры, белгілі композитор, аңыз тұлға Кеңес Дүйсекеев ағамыздан айырылып қалдық. Қапияда ажал тырнағына ілігіп, көз жұмып жатқан атпал азаматтар қаншама. Күнде қаралы хабар естіп, көңіліміз әбден жабырқаулы. Бұл Аза тұту күні бүгінмен аяқталып, алда елімізді тек бақытты, қуанышты күндер күтсінші. Бұрынғы бейбіт өмірімізге қайта оралып, емін-еркін сахнаға шығып, өнерімізді тыңдармандарымызға паш етер жарқын күндерге тезірек жетсек екен. Бұл жағдай бізге көп нәрсені ұғындырды. Өмірдің, уақыттың, денсаулықтың және жалпы жаныңда жүрген жақын адамдардың бағасын біліп, қадіріне жетуге үйретті. Айналамызға басқаша көзбен қарауға үйрендік. Әрине мұны түсініп, білу үшін індетпен бетпе-бет келгеніміз өкінішті.
Мендегі тілек – енді мұндай жағдай болмасыншы. Күллі адамзат бұл дертті жеңіп шығып, лайым жер бетінде тек жақсы күндер, бақытты сәттер салтанат құрса екен деген тілегім бар. Бастысы, ауырмайық! Жақындарымыз аман болсын! Еліміз тыныш, бауырымыз бүтін болғай!
Айман МҰСАҚОЖАЕВА,
Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры,
«Қазақстанның Еңбек Ері»