Бүгінгідей күрделі кезеңде еліміздің қайырымды азаматтары көпшілікке қолдан келген көмегін көрсетіп, оларға қолдау білдіруде.
Коронавирус індетін жұқтырып, аурумен арпалысып жатқан науқастарға жасанды тыныс алу аппараттарын алып беріп жатқан демеуші азаматтар да аз емес. "Қазфосфат" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров қиын-қыстау кезеңде жамбылдықтарға көмек көрсетті. Ол өзінің жеке қаражатының есебінен әрқайсысының құны 580 мың теңге тұратын жасанды тыныс алу аппараттарын сатып алып, Жамбыл облыстық ауруханасына тапсырды.
"Біз ауырып ем іздеп емес, ауырмайтын жол іздеуіміз керек. Ауырмайтын негізгі жол – барынша сақтық шараларын сақтау болып отыр. Әлі де кейбір адамдардың тәртіпке бағынбай, түрлі жиындар жасап жатқанын естіп келеміз. Біз егер бүгінгі күнімізді ғана ойлайтын болсақ, онда оның соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін. Мен облыстың, қаланың тұрғындарынан үйде отырып, қауіпсіздік мәселесін барынша сақтауды сұраймын", дейді Еңбек Ері.
Жамбыл облысы