Пневмонияға шалдыққандар санының артуына, жедел медициналық көмек пен емделуге жатқызудың қажеттілігіне байланысты, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ көмегімен Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ базасында Пациенттерді мониторингілеу орталығы құрылды.
Осы орталықтың басшысы, профессор, медицина ғылымының докторы, жоғары санатты аллерголог-иммунолог Таир Нұрпеисов қысқа мерзімде орталықтың міндеттері, техникалық мүмкіндіктерінің айқындалғандығын, университет және институттың резиденттері қатарынан, дәрігерлер мен профессорлар-оқытушылар құрамынан еріктілер бригадасы ұйымдастырылғандығын атап өтті.
Оның айтуынша, жұмыс үш деңгейлі жүйе бойынша ұйымдастырылды. Олар халық және медицина қызметкерлерінің ең жиі қоятын сұрақтарына жауап беретін тәулік бойғы Call-орталық, жоғары медициналық білімі мен жалпы практика дәрігерінің сертификаты (резидент дәрігерлер) бар 12 операторлы көп арналы телефон желісі. Қашықтықтан консультация беруге арналған кезекші дәрігерлер бригадасы (24 маман, оның ішінде терапевтер, пульмонологтар, аллерголог-иммунологтар, хирургтар, акушер-гинекологтар) үй жағдайында коронавирус инфекциясы, пневмония мен ілеспелі ауруларды емдеу және мониторингілеуге қатысты болатын сұрақтарға тәулік бойы жауап береді. Сарапшы-дәрігерлер (кардиологтар, инфекционистер, гастроэнтерологтар, эндокринологтар, аллерголог-иммунологтар, пульмонологтар, хирургтар және т.б.) – жоғары практикалық тәжірибесі бар 40-тан астам маман Пациент – МСАК дәрігері – консультант режимінде бейне консультациялар беруде.
Орталық алдында халыққа коронавирус инфекциясымен күресудің нақты шараларын, асқынулардың профилактикасын; ішкі ағзалардың ілеспелі ауруларының менеджментін; жедел медициналық көмек пен емделуге жатқызуға деген қажеттілікті төмендету, үрей, қорқыныш көңіл-күйін азайту, өзін өзі емдеумен айналысу, ғылымға қайшыәдістер мен құралдардың пайдаланылуына қатысты ақпарат беруді қамтамасыз ету міндеті тұр.
Қысқа уақыт аралығында Орталықтың қызметі КВИ жағдайын тұрақтандыруға мүмкіндік берген көрінеді. Мұны қазақстандық әріптестеріне көмек көрсетуге Алматыға Ресей Федерациясынан келген сараптау тобының мүшелері де атап өтті.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Баспасөз қызметінң мәлімдеуінше, Орталық құрылған сәтінен бастап, яғни 7-12 шілде аралығында 100 пациент консультация алды, тәулік бойы 200-ден астам қоңыраулар қабылданған. Еліміздің басқа өңірлерінен: Алматы, Атырау, Жамбыл және т.б. облыстардан да телефон шалып жатады, сонымен қатар қалалар мен облыстардың жеке медицина ұйымдарының медицина қызметкерлерінен өтініштер келіп түседі. Барлық өтініштер дер кезінде өңделіп, оларға көмек көрсетіледі.
Маңызды да, өзекті мәселелер бойынша барлық деңгейде үнемі нұсқаулықтар мен тренингтер өткізіледі. Алматы қаласының Әкімдігімен, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен, емханалармен, жедел медициналық көмек көрсету станциясымен, стационарлармен ақпарат алмасу қатынасын жақсарту жұмысы жолға қойылды.
Қаланың бас инфекционисті, профессор Амангүл Дүйсенова, бас пульмонолог, профессор Сәуле Қасенова, бас аллерголог, профессор Таир Нұрпеисовтың қатысуымен "COVID-19 күрделілігіне байланысты амбулаторлық деңгейде емдеп қараудың тактикасы" тақырыбында вебинар өткізілді. Тұрақты түрде дүние жүзінен ғылыми-практикалық ізденістердің жетістіктері мен нәтижелері туралы қысқаша ақпарат құрастырылады.
Орталық мамандары елімізде болып жатқан осындай қиын уақытта қала тұрғындарына көмек көрсету үшін барлық күш-жігерлерін салып отыр. Олардың көбісі КВИ және пневмониямен ауырып шықты, дегенмен қайтадан қатарға қосылып, осы індетті емдеудің дұрыс тәсілі өмірге қауіпті асқынулардың алдын алатындығын көрсетті.