Тірлігінде туралықты ту етіп, тағдырын тауқыметке байласа да туған халқының жоғын жоқтап өткен Шерхан Мұртаза есімі қазақ үшін әрдайым қастерлі. Ғұмыр бойы елінің ерен қасиетімен қоса, өзінің туған топырағы Мыңбұлақтың мың сан қырлы құпиясын шығармашылығына арқау еткен абыз тұлға. Ал сонау күрделі кезеңде ұлттың басына түскен нәубеттің шындығын жоғалтпай жеткізген жазушы сол арқылы жазықсыз жапа шеккен талай тағдырдың рухына ескерткіш орнатып кетті.
«Тозбасты ұста соқпайды, өлместі Құдай жаратпайды», дегендей, қазақтың біртуар перзенті Шерхан Мұртазаның да бұл дүниедегі демі таусылып, мәңгілік мекеніне көшкеніне де екі жылдың жүзі болды. Бірақ тураби секілді елестейтін тұлғаның тағылымы һәм тағдырының тәлімі бүгінде әрбір қазақтың жүрегінде.
Шерхан Мұртаза Парижде де, Мысырда да, қысқасы, дүниенің көптеген жерінде болғанын, бірақ түсіне олардың ешқайсысы емес, тап Мыңбұлақтың жиі кіретінін кезінде жазған болатын. Бұл оның қиын болса да балалық шағы өткен туған жеріне деген сағынышы еді. Мыңбұлақ – ежелгі тарихи жазбаларда кездесетін жер атауы. Ал әйгілі Шерхан Мұртазаның кіндік қаны тамған мекен бүгінгі Жуалы ауданының іргесінде орналасқан Талапты ауылы. Жастық шағын Мәскеуде оқуда өткізген, кейіннен талай жыл шығармашылық қызмет бабымен Алматыда тұрған жазушы екі мыңыншы жылдардың аяқ шенінде біраз уақыт Тараз қаласында да тұрды. Одан өзінің туған ауылы Талаптыда өмір сүрді. Кезінде, яғни 2001 жылы осы Талапты ауылынан жергілікті биліктің қолдауымен Шерхан Мұртазаның құрметіне екі қабатты, көрнекті үй салынған. Бұл жерде жазушы үш жылдай тұрды да. Әсіресе жаз мезгілдерінде туған топырағына келіп, аунап-қунап қайтуды да әдетке айналдырған еді. Талапты ауылының сыртындағы ескі жұртты да аралап, балалығының ізі қалған көне мекенді көзбен көріп, көңіл демдейтін. Жазушының сол үйі бұл күнде жалғызсырап тұр. Бұл ретте аталған үйді музейге айналдыру керек деген де пікірлер айтылып жүр. Алайда ауылды жерден жазушының музейі ашылатын болса, оған көп адамның бара бермейтіні де ел арасында әжептәуір әңгіме арқауына айналуда.
Негізінен бұл үйдің жалғызсырап тұрғанына он жылдай уақыт болып қалды. Әрине үй иесіз емес. Шерағаңның өзі аманаттап кеткен бауырларының қарауында тұр. Ал үйдің ішінде құнды заттардан тек кітаптар ғана бар. Әлем әдебиетінің жауһарларын жазушы Мәскеуде студент болып жүрген кезінде алып келген екен. Бұл да болса қаламгер рухын танытатын көріністің бірі. Талай жылдан бері иесін жоқтап, жалғызсырап тұрғандай күй кешіп келе жатқан жазушының осы үйін музейге айналдырған жөн секілді. Аудан әкімдігінің теңгеріміне алынып, мекеме ретінде штат қарастырылып, жұмысын атқарса, бұл да жазушының есімін ұлықтау жолындағы жүйелі жұмыс болатын еді. Оның үстіне Жуалы ауданы облыс орталығы Тараз қаласынан аса қашық емес. Облыстың иен түкпіріндегі емес, халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойында орналасқан аудан. Ал Талапты ауылы да Жуалы ауданының орталығы Б.Момышұлы ауылының тура іргесінде. Сондықтан да жазушы музейі елеусіз, ескерусіз қалып қояды деуге еш негіз жоқ сияқты. Мәселен, Лев Толстойдың Ясная Полянасы да жырақтағы мекен. Ұлы жырау Жамбыл Жабаевтың музей-үйі де Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылында орналасқан. Сол сияқты, Шерхан Мұртазаның музей-үйі де Талапты ауылынан ашылса, қаламгерді құрметтеген әрбір адамның осында келіп тұратыны даусыз. Талапты ауылына арнайы барғанымызда да, бұл бастаманы ауыл тұрғындарының қолдайтынын байқадық. Ауыл тұрғыны Саракүл Зиятханова да жазушының тұрған үйі музейге айналса, бұл да бір жақсылықтың нышаны болатынын жеткізді. «Осы ауылға келін болып түскеніме елу жылға жуықтады. Қырық жылға жуық ауылдық кітапхананың меңгерушісі болып жұмыс істедім. Жолы да, жасы да үлкен болғанына қарамастан Шерхан ағай ылғи мені келін деп сыйлайтын. Кітапханаға келіп, ылғи кітаптар беріп кететін. Оның ішінде өзінің кітаптарымен қатар, оқырманға қажетті сан салалы кітаптар болушы еді. Ауылға газ тартып, мешіт, мектеп салуда да ол кісінің ықпалы көп болды. Мұны халық ешқашан ұмытпайды. Ол кісі екі мыңыншы жылдардың соңына қарай ауылға келіп тұрды. Ағай тұрған үй салынып жатқанда да жұмысшыларға тамақ істеп, қолғабыс жасадық. Енді осындай тарихи кісілердің есімін есте қалдыру мақсатында туған топырағынан музейдің ашылғаны да дұрыс», дейді ол. Осы Талапты ауылындағы Б.Момышұлы атындағы №22 орта мектептің екі қабатты жаңа ғимаратқа көшуіне ықпал еткен де Шерхан Мұртаза болыпты. Аталған білім ошағына барғанымызда, мектеп директоры Руслан Сайлаубаев мұнда арнайы жасақталған Шерхан Мұртаза бұрышын көрсетті. Сонымен қатар жазушыға арналған жиындар, еске алу кештері, өнеге сағаты өтіп тұрады екен.
Жалпы, жақсының есімін ұлықтау парыз. Бұл ретте Жуалы ауданының әкімдігі де қаламгер есімін есте қалдыруда қандай шаруалар атқарылып жатыр деген сауал туады. Аудан әкімі Нарбай Ергебековке хабарласқанымызда, ол Шерхан Мұртазаға деген құрметінің ерекше екенін, сондықтан да бұл жерден аула клубын жасағалы отырғанын жеткізді. «Жақындары бізге үйдің құжатын рәсімдеп беру керек. Келісім бойынша жуық арада реттеп беруі тиіс. Бұл жұмыстарды алдағы қыркүйек айына дейін бір жақты етіп, үйдің бір бөлмесін музейге айналдырсақ па дейміз. Одан кейін, бұл жерді күтіп-баптау жұмыстарын да аудан әкімдігі өзі ұйымдастырмақ ниетте», дейді Нарбай Ергебеков. Егер аудан әкімі айтып отырған бұл жоспарлар іске асса өңірдің қазақ әдебиетіне, ұлттың руханиятына жасаған бір қамқорлығы болар еді.
Жазушының көзі тірісінде-ақ Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінен «Шерхантану» орталығы ашылған болатын. Аталған орталыққа қаламгердің қолжазбалары, суреттері мен пайдаланған заттарының біразы топтастырылған. Ал өткен жылы Жамбыл облысының 80 жылдығына орай «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің ішінен Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы пайдалануға берілді. Бұл да жазушы рухына көрсетілген құрмет. Ендігі жерде туған топырағынан өзі тұрған үйден де Шерхан Мұртаза атындағы музей ашылып, еңселі ескерткіші қойылса, жалпы, жазушының мұралары бір жерге топтастырылса, бұл да орындалған міндеттің бірі болатын еді...
Жамбыл облысы,
Жуалы ауданы