• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 15 Шілде, 2020

Тәлімгерлікке әзір

145 рет
көрсетілді

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Birgemiz. Sabaqtastyq» атты жалпыұлттық жоба жеңімпаздарын анықта­ғаны мәлім. Осыған орай олар аталған жоба аясында өздері­нің волонтерлік бастамаларын жүзеге асыруға кірісті.

Оның шарттарына сәйкес елі­міз бойын­ша 68 жас волонтер шағын грантқа ие болса, олар­д­ың 10-ы – ақтөбелік. Жоба жеңімпаздары алдағы уақытта әлеу­меттік қызмет көрсету орта­лықтарында тағдырдың тепе­рішіне тап болған балалар мен жасөспірімдерге тәлімгерлік тұрғыдан қолдау көрсетпек.

Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы, жоба тәлімгері Нұр­бақыт Алтынбекқызының айтуынша, өңірден жеңімпаз атан­ған 10 волонтер жасқа бұл бағыттағы жұмыстармен айналысу үшін бір үйлестіруші мен үш аға тәлімгер және алпысқа жуық волонтер қосылмақ. Олар өз қызметтерін өңірдегі «Аяла», «Мейірім» және «Жайна» әлеуметтік дамыту орта­лықтарымен тығыз байланыс­та жүргізуді ұйғарған. Бұл ретте бүгінгі күні тәлімгерлікке тартылғандарды онлайн форматта оқыту ісі қолға алын­­ған. Осы шеңберде өзара танысу мен түсінісу үшін онлайн кездесулер ұйымдастырыла бастады.

«Жаңа жүйе мен тәртіп қазіргі індет жағдайына икем­деле білуден туындады. Бұған қоса тәлімгерлік іс­тің тінін одан әрі тарқату үшін әлеуметтік желілердің кең ауқымды мүмкіндігі де жұмылдырылмақ. Сонымен бірге жобаға қатысушыларға арналған YouTube желісінен канал ашылып, барлық жұмысты сол жерге шоғырландыруды ұйғардық. Бұл қадам тәлімгерлік қозғалыстың ауқымы кең әрі қолжетімді болуын қамтамасыз етуден туындады», деді бас тәлімгер.

Облыстық жас­тар ресурсы орталығы қолға ал­ған жо­ба­лардың түпкі мақсаты – тағдыр­дың теперішіне тап болып, еркелікті көтермейтін асау өмірдің ащысына бір­ден кезіккен қоғамның жас мүше­леріне қол созып, қолдау көрсету болып отыр. 

Орталықта оны жүзеге асырудың әртүрлі жолдары мен тәсілдері бел­гіленген. Соның басты бір тармағы атал­ған санатқа кіретін балалар мен жасөспірімдердің дүниетанымы мен ой-өрістерін дамытуды көздейді. Ком­пьютерлік сауаттылықты жетілдіру мәсе­лесі осы тәлімді істің бір тармағы ретінде қарастырылған.

 

АҚТӨБЕ