Қазақстан коронавирус пандемиясымен күресте 15 шет елдің гуманитарлық көмегін алған. Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев айтты, - деп хабарлайды Egemen.kz
Шет елдердің жіберген гуманитарлық көмегін Сыртқы істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі бірлесе күтіп алған."Індет тараған кезден бастап сыртқы халықаралық әріптестерімізден тиісті қайырымдылық көмекті елге жеткізу жұмыстарын жүргізіп келеміз. Бұл жұмыс өте ауқымды. Әрине, осы орайда ең алдымен әріптестеріміз – ҚХР, АҚШ, Ресей, БАӘ, Жапония, Түркия, Оңтүстік Корея, Катар, Өзбекстан және көптеген басқа да елдерге, ДСҰ сияқты халықаралық ұйымдарға, компанияларға, шетелдік қайырымдылық қорларына, жекелеген азаматтарға елімізге жасаған қайырымдылық көмектері үшін шынайы ризашылығымызды жеткізгім келеді. Жалпы, Қазақстанға гуманитарлық көмек берген елдердің саны 15-тен асады", - деді Ержан Ашықбаев.
Сыртқы істер министрінің орынбасары елге келген гуманитарлық көмектің жалпы сомасын атаған жоқ. Бірақ, гуманитарлық көмекке байланысты бірнеше факторларға ерекше тоқталды."Біріншіден, індет жаһандық болғаннан кейін біз жұмысымызды, яғни, дәрі-дәрмек сатып алу немесе шетелден қажетті медициналық құрылғыларды, заттарды әкелу мәселесін дүниежүзіндегі үлкен бәсекелестік жағдайында іске асырып жатырмыз. Сондықтан мұны ескерген жөн. Екіншіден, гуманитарлық көмек қаншалықты ауқымды болса да, ең алдымен, ең үлкен жүк Үкіметімізге, республикалық бюджетке түсіп отыр. Бірақ, ең үлкен жауапкершілік жүгі Денсаулық сақтау министрлігіне, денсаулық сақтау жүйесіндегі әріптестерімізге түсіп отырғаны анық. Жалпы, елімізге гуманитарлық жүк ретінде 5 млн 200 мыңға жуық медициналық маска, 98 Өкпені жасанды желдету аппараты, 260 мың тест жүйесі, 3000 мыңға жуық тепловизор мен термометр әкелінді", - деді ол.