Қалыпты тіршіліктің шырқын бұзған Covid-19 індеті – жер жаһанның басына түскен зауал. Сондықтан әлем елдері обамен бірігіп күресіп, шамасы келгенше бір-біріне көмек көрсетуден аянып қалған жоқ. Осынау сын сағатта Қазақстан да шет мемлекеттермен тығыз байланысын үзбей, індетке тойтарыс беруге барынша тырысып жатыр.
3 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі жеткізілуде
Індет белең алған біраз мемлекетке бастапқыда еліміз гуманитарлық көмек жіберіп, қолдау көрсетті. Енді бұл жаманат дерт өзімізде өрши бастағанда шекара асып бізге де қажетті дүние жетті. Әсіресе бауырлас елдерден дәрі-дәрмек тиелген борттардың келіп жатқаны үлкен көмек болды. Осыған қатысты жан-жақты мағлұматқа Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында қанықтық.
Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова Қазақстанға дәрі-дәрмек түріндегі гуманитарлық көмек шілде айының соңына дейін көрсетілетінін атап өтті. Оның айтуынша, Үкімет амбулаторлық желіге аса қажетті дәрі-дәрмектерді жеткізу үшін бірнеше ұшақ ұйымдастырды. 21 атаудан тұратын тізім түзілді. Бұл – дене қызуын түсіретін, вирусқа қарсы дәрілер.
Шілденің соңына дейін бірқатар рейспен бөлшек сауда желісін қамтамасыз ету үшін айлық қажеттілікке жарайтын дәрі-дәрмектер жеткізу жөнінде келісім жасалды. Өткен сенбіде Ресейден екі борт келді. Дәрілік заттардың 3 млн-нан аса қорабы жеткізілді. Бұл дәрілердің бәрі өңірлер мен үш ірі қала арасында теңдей бөлінді. Оларды сертификаттау рәсімі жедел жүргізіліп, желілерге түсе бастады.
Сонымен қатар Үндістаннан да арнайы рейс ұшып келеді. Бұған қоса резерв үшін тағы екі бортпен қажетті препараттар әкелінеді.
Қазіргі уақытта бірыңғай дистрибьютор арқылы ауруханаларға 3 млрд теңгеге жуық соманы құрайтын медициналық дәрі-дәрмектер тасымалданып жатыр. Сондай-ақ үш айға жететін резерв құру үшін отандық өндірушілерден де, импорттаушылардан да дәрі-дәрмек сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Алдағы уақытта бірыңғай дистрибьютор науқастардың болжамды саны бойынша жыл соңына дейін барлық ауруханалар дәрі-дәрмекпен қамтылуы үшін қоймаларды толтырады.
Бүгінде Бірыңғай дистрибьютордың сатып алуы аясында отандық өндірушілерден 59,8 млрд теңге сомасына және импорттық өндірушілерден 154,3 млрд теңге сомасына дәрі-дәрмек сатып алынды. Барлық препараттар кепілді тегін медициналық көмек көрсететін стационарлар мен емханаларға жеткізіледі.
15 мемлекеттен гуманитарлық көмек келді
Баспасөз мәслихатына қатысқан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев қанша мемлекеттен қандай көлемде көмек келгені туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
«Сыртқы істер министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, індет тараған кезден бастап сыртқы халықаралық әріптестерімізден тиісті қайырымдылық көмекті елге жеткізу жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл жұмыс өте ауқымды. Әрине осы орайда ең алдымен әріптестеріміз – ҚХР, АҚШ, Ресей, БАӘ, Жапония, Түркия, Оңтүстік Корея, Қатар, Өзбекстан және басқа да елдерге, ДДҰ сияқты халықаралық ұйымдарға, компанияларға, шетелдік қайырымдылық қорларына, жекелеген азаматтарға көрсеткен қолдауы үшін шынайы ризашылығымызды жеткізгім келеді. Біріншіден, індет жаһандық болғаннан кейін біз жұмысымызды, яғни дәрі-дәрмек сатып алу немесе шетелден қажетті медициналық құрылғыларды, заттарды әкелу мәселесін дүние жүзіндегі үлкен бәсекелестік жағдайында іске асырып жатырмыз. Мұны ескерген жөн. Екіншіден, гуманитарлық көмек қаншалықты ауқымды болса да, алдымен ең үлкен жүк Үкіметімізге, республикалық бюджетке түсіп отыр. Денсаулық сақтау министрлігіне, денсаулық сақтау жүйесіндегі әріптестерімізге зор жауапкершілік артылып отырғаны анық», деді Ержан Ашықбаев.
СІМ өкілінің дерегі бойынша елімізге гуманитарлық көмек ретінде
5 млн 200 мыңға жуық медициналық маска, 98 өкпені жасанды желдету аппараты, 260 мың тест жүйесі, 3 мыңға жуық тепловизор мен термометр әкелінді.
«Гуманитарлық көмек ретінде дәрі-дәрмекті біз жалпы саны жеті тараптан алған едік. Олар – Үндістан, Пәкістан, Ресей, Жапония және Түркия, сондай-ақ түркиялық екі компания. Осы дәрі-дәрмектің ішінде ең елеулі үлес – гидроксихлорид дәрісінің 90 мың данасы, хлорохин дәрісінің 100 мың данасы, авиганның 10 200 данасы, ацетилцистеиннің 10 200 данасы және плаквенилдің 10 мың данасы. Қалған препараттар 100, 150, 300, 500, 1500 данадан келген. Дәрі-дәрмекке рұқсат қағазы алынғаннан кейін қоймада жатып қалған емес. Тиісті мекемелерге таратылды. Осы ретте Қатардан келген жүктің ішінде дәрі-дәрмек болмағанын айта кетейін. Сондықтан екі нәрсені шатастырмайық. Келген дәрі-дәрмектің бәрі де бірден ортақ дистрибьютор арқылы медициналық мекемелерге жеткізіліп тұрады», деді Ержан Ашықбаев.
Өкпені жасанды желдету аппараты шығарылады
Қысылтаяң кезеңде мемлекеттердің бір-біріне қолғабыс еткені – құптарлық іс. Бірақ әлеуметтік желілерде біраз жұрт өзімізді жарылқамай тұрып, Қазақстанның Тәжікстанға гуманитарлық көмек жөнелтетініне қынжылыс білдірді. Сұрақ-жауап барысында журналистер осының анық-қанығын сұрап, Денсаулық сақтау вице-министрі бұл көмектің қарастырылғанын растады.
«Қазіргі уақытта барлық ел бір-біріне көмек көрсетуде. Елімізге де гуманитарлық көмектер келіп жатыр. Қазақстан Үкіметі Тәжікстанға жылдың соңына қарай портативті өкпені жасанды желдету аппараты түріндегі гуманитарлық көмек көрсету туралы мәселені қарастырып жатқаны рас. Бұл портативті аппарат пациентті жедел жәрдем көлігімен тасымалдағанда қолданылады. Дәл осындай аппарат елімізде жеткілікті, Ақмола облысында шығарылады. Бүгінде өзіміздің зауыт өндірістік қуатын арттырып отыр. Кәсіпорын түркиялық компаниямен бірге портативті өкпені жасанды желдету аппаратынан бөлек қазір аса қажет болып отырған стационарлық өкпені жасанды желдету аппаратын шығаруды жоспарлауда. Өндіріс таяу аралықта жолға қойылады және жылдың соңына дейін еліміздің барлық ауруханалары портативті және стационарлық өкпені жасанды желдету аппараттармен қамтамасыз етіледі», деді Людмила Бюрабекова.
Флешмобқа министрлік кінәлі емес
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі қоғамда дау туғызған тағы басқа да мәселелер бойынша жауап берді. Соның бірі індеттен көз жұмғандарды еске алуға арналған аза тұту күнінде дәрігерлердің көшеге шығып, қатарға тұрғаны туралы болды. Людмила Бюрабекова мұндай флешмобқа министрлік бастамашы болмағанын, бұл Медицина қызметкерлері қауымдастығы тарапынан ұйымдастырылғанын атап өтті.
Бұған қоса журналистер пневмонияның неліктен коронавирус статистикасында есепке алынбай жатқанын сұрады.
«Біз қазір халықаралық ұйымдармен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі таңда ДДҰ ұсынымына сәйкес, статистикаға ПТР-дің оң нәтижесі бар жағдайлар ғана кіріп отыр. Сондай-ақ еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі дәл осы мәселеге байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына сұраныс жіберді. Келіссөздер арқылы есепке алынуы тиіс мәліметтерге қатысты ортақ шешімге келеміз. Әрбір елдің статистика мен есепке алуға қатысты өз жолы бар. Біз соны біріздендіріп, барлық елмен қатар жүргіміз келеді», деді вице-министр.