• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Хоккей 16 Шілде, 2020

«Барыстың» бағыты айқын

221 рет
көрсетілді

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсететін елорданың «Барыс» клубы елдегі эпидемиялық ахуалға байланысты тұрақты біріншілік алдындағы оқу-жаттығу жиынын кейінге шегеруге мәжбүр. Сонымен қатар тамыз айына жоспарланған дәстүрлі Президент кубогы өтпейтін болды.

Жуырда қазақстандық БАҚ елдегі жағдайға байланысты «Барыс» тұрақты біріншіліктің биылғы мау­­сымына қатыса алмай қалуы әб­ден мүмкін екенін ха­барлаған. Десе де ҚХЛ президенті Алексей Морозов елорда командасы тур­нирге қатысуға ниетті екенін жет­кізді. Ал клуб баспасөз қызметі елдегі қатаңдатылған карантин шарасы 2 та­мызға дейін созылған соң «Барыс» маусым алдындағы жаттығу жиынын 3 тамызға ауыстырғанын хабарлады. Де­мек команда жаттығу жиынын өткізуді жоспарлап отырса, ҚХЛ-дың биылғы маусымына қатысады деген сөз. Қазір Юрий Михайлис басшылығындағы коман­да маусым алдындағы дайындығын қалай өткіземіз деп бас қатырып жатқанда, клуб­тың жазғы трансферіне шолу жасап кө­рейік.

Биылғы біріншілік пандемияға байланысты межелеген уақытынан бұрын аяқталғаннан кейін, «Барыс» сапынан команданы өрге сүйреген бірнеше ойыншы командадан кетті. Атап айтқанда, бас бапкер Андрей Скабелкадан бастап, қақпашы Эдди Паскуале, тасқамал қорғаушы Атте Охтамаа, өткен маусымда «Барыстың» ең үздік шабуылшысы атанған Корбэн Найт пен тағы бір тәжірибелі шабуылшы Ииро Пакаринен алдағы маусымда ҚХЛ-дың өз­ге командаларында өнер көрсететін бол­ды.

Сондай-ақ қазақстандық коман­даның сапынан кеткендер арасында өз жер­лес­теріміз Мадияр Ыбырайбеков, Дамир Рысбаев, Максим Семенов, Тал­ғат Жайлауов және канадалық Дас­тин Бойд сынды ойыншылар бар. Отан­дастарымыздың арасындағы ең тәжіри­белісі Максим Семенов пен Талғат Жай­лауов екені даусыз.

ҚХЛ-дың жаңа маусымы бас­талуына шамамен бір жарым айға жуық уақыт қалды. Ал «Барыс» әлі трансфер базарында белсенді емес. Дегенмен жоғарыда клубтан кеткен ойыншылардың орнын басады деген үмітпен шеттен үш хоккейші келісімшартқа отырды. Мәселен, өткен айда клуб құрамы финляндиялық қақпашы Йони Ортио және швециялық шабуылшы Якоб Лильямен толықты. Сонымен қатар канадалық шабуылшы Мэтт Фрэттин де карьерасын Нұр-Сұлтанның «Барысында» жалғастыратын болды.

Енді осы үш хоккейшінің өткен мау­сым­дардағы статистикасына зер салып көрейік. 26 жастағы Якоб Лилья был­тырғы маусымда Ұлттық хоккей лига­сының «Коламбус» клубында 37 матч өткізіп, небәрі 5 ұпай жинаған. Қақ­пашы Йони Ортио Швейцарияның «Цюрих» клубының қақпасын 29 матчта қорғап, орта есеппен әр ойында 2 шайба өткізіп алған. Сондай-ақ 91,7% қақпаға бағытталған соққыны қайтара білген. Ал Мэтт Фрэттин былтырғы маусымды «Ақ Барстың» сапында өткізіп, 60 кездесуден кейін 33 (11 гол+22 пас) ұпай жинаған.

Міне, «Барыстың» былтыр коман­даны жоғары орынға сүйреген хоккейшілердің орнын басады деген ойыншыларының нәтижесі. Команда үшін қаншалықты тиімді трансфер болғанын алдағы маусымның еншісіне қалдырдық. Енді бір жарым айдың ішінде «Барыс» жа­ңа ойыншы алады дегенге сену қиын. Өйт­кені пандемияға байланысты клуб­тың қаржылық жағдайы өткен жылмен салыстырғанда аса мәз емес. Оның үстіне клуб тізгінін қолына алған бас жат­тықтырушы Юрий Михайлис өзінің бір сұхбатында жастарға сенім артаты­нын айтқан еді. Бәлкім, алдағы уақыт­та «Барыстың» жастар командасы сана­латын «Номад» және «Снежные Бар­сы» құрамында өнер көрсеткен жас хоккей­шілер ҚХЛ-да бақ сынауы да ғажап емес.

Айтпақшы осыдан бірер күн бұрын «Барыстың» бас менеджері Вячеслав Белан AllHockey.ru басылымына сұхбат беріп, клубтың алға қойған мақсаты әрдайым жоғары орыннан көріну керек екенін айтыпты. «Клубтың басты мақсаты – Гагарин кубогының плей-офф кезеңіне дейін жету. Мүмкіндігінше былтырғы же­тіс­тігімізден жоғары нәтиже көр­сету», депті ол.