Бүгінде пандемия бүкіл әлемді дүрліктіріп, әлекке салып отыр. Індет еліміздің денсаулық саласының қауіпсіздігіне де қатер төндіріп, эпидемиялық жағдайды күрделендіріп жіберді. «Тас түскен жеріне ауыр» дегендей, COVID-19-ды және вирустық пневмонияны ауыздықтау ісі ең алдымен дәрігерлер мен барлық медицина қызметкерлеріне ауыр салмақ түсіруде. Жан алысып, жан беріскен бұл күресті мылтықсыз майданға теңесек, артық айтқандық болмайды. Осындай жауапкершілігі мол, қауіптілігі жоғары «майданның» алдыңғы шебінде ақтөбелік дәрігерлер де уақытпен санаспай еңбек етіп жүр.
Олардың ерлікпен пара-пар іс-қимылдары барша қазақстандықтар мен науқасқа шалдыққан азаматтардың шексіз ризашылығы мен алғыс сезімін туғызды. Тіпті еліміз үшін үлкен сын болып отырған осынау алмағайып кезеңде күн сайын өз басын қауіп-қатерге тігіп жүрген дәрігерлердің іс-әрекеті жаумен арыстанша арпалысқан кешегі күннің батырларын еске түсіреді. Айтайын дегеніміз, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарапынан дәрігерлердің жанкешті еңбектері тиісті деңгейде ескеріліп, бағаланып келе жатқаны. Бұл ой-тұжырымымызға Президенттің пандемиямен күрестің бел ортасында жүргендерді өз Жарлығымен марапаттап, көтермелеп отырғаны айқын айғақ. Олардың арасында медициналық кластер шеңберінде індетпен күресіп жүрген ақтөбелік денсаулық сақтау саласының өкілдері де бар.
Осы орайда біз Ақтөбе аймағынан қазақтың тұңғыш дәрігер қызы Аққағаз Досжанова, отандық медицинаның дамуына сүбелі үлес қосқан Ишанбай Қарақұлов пен Жақсылық Досқалиев және Қазақстанның Еңбек Ері Серік Ақшолақов сынды медициа майталмандары шыққанын лайықты мақтаныш ете аламыз. Аталған белгілі тұлғалардың қатарына індетпен күрес кезінде соңғы демі үзілгенше азаматтық ар-ұжданымен дәрігерлік антына кір келтірмей коронавирусқа шалдыққан адамдарға араша түсу кезінде өзі де осы дертке тап болып, соның салдарынан дүниеден өткен ақтөбелік әріптесіміз, осы өңірдің бас инфекционист дәрігері марқұм Қалихан Қозыбағаров та қосылғаны кәміл.
Еліміздегі індетпен күрес барысы ел үшін туған халқымыздың тағы бір адал ұлын анықтап берді. Оның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің ең жоғары мемлекеттік марапаты – Қазақстанның Еңбек Ері атағымен марапатталуы барша отандық дәрігерлердің ерен еңбегі үшін берілген биік баға деп білеміз. Сол үшін біз ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа барша ақтөбелік денсаулық сақтау саласы қызметкерлері атынан шексіз ризашылығымыз бен алғысымызды білдіргіміз келеді.
Сонымен бірге біз бүгінде елдің өзге өңірлерімен салыстырмалы түрде алғанда Ақтөбе өңірінде эпидемиялық ахуалдың оң үдерісі мен динамикасы байқала бастағанын да айта кеткенді жөн көреміз. Өйткені соңғы апталарда өңірде науқастардың саны біршама кеміп, дерттен сауығып шыққандардың қатары өсіп келеді. Әрине, бұл оң көрініс босаңсуға еш негіз бола алмайды. Керісінше, дертті емдеу мен одан сақтандыру шаралары жүйелі түрде жалғасатын болады. Қазіргі күні облыс аумағында бұған қажетті барлық алғышарттар жасалған. Маман-кадрлар жеткілікті, қажетті медициналық құрал-жабдықтар мен қондырғылар науқастарды қамти алады. Ауруханалар мен провизорлық госпитальдарда және емханалар жанындағы стационарлық орындарда жаңа науқастарды қабылдауға мүкіндік бар. Дәрі-дәрмекпен қамту ісінде бұған дейін әртүрлі істер орын алғанымен, кейінгі кезде облыс әкімінің тарапынан жедел шаралар жүзеге асырылғаннан соң бұл мәселе де толықтай шешімін тапты дей аламыз.
Береке мен бірлік бар жерде алынбайтын асу, берілмейтін қамал жоқ. Бұл ретте қазіргі кезде облыс тұрғындары бір-біріне жанашырлықпен қолдау көрсете білгені де атап айтуға тұрарлық. Ақтөбе – еліміздің ірі өнеркәсіп орталықтарының бірі. Мұндағы ірі кәсіпорын басшылары мен кәсіпкерлері және мыңдаған ерікті бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып індетті ауыздықтауға бір кісідей жұмылып келеді. Біз көкейде жүрген ой-пікірлерімізді еліміздің бас басылымына жолдай отырып, барша ел-жұртымыз үшін ауыр сын болып отырған қауіпті індетті жойып, артқа тастау үшін ауызбіршілік үлгісін көрсете берейік демекпіз.
Ақтөбе облыстық дәрігерлер қауымдастығы атынан:
Қайрат САБЫР,
«Сенім» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы» РҚБ Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы,
Роман РАХИЕВ,
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау саласы қызметкерлері ардагерлер кеңесінің төрағасы,
Роза ІЗТІЛЕУОВА,
Ақтөбе облыстық дәрігерлер мен провизорлар қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің президенті
АҚТӨБЕ