• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 17 Шілде, 2020

Еңбектің еленгені ерекше серпін береді

371 рет
көрсетілді

Әлемді жайлаған коронавирус індеті іргемізге таянғанда ел саулығы үшін күрестің алдыңғы легінен ақ халатты абзал жандар көрінді. Бұл жолғы дерттің дерегі дәрігерге де белгісіз еді, сонда да антына адал мамандық иелері қауіп тырнағына ілінген әр адам үшін аянбай арпалысты.

Қызылорда облысы бойынша коронавирус пандемиясына қарсы күреске медицина саласының 3396 маманы жұмылдырылыпты. Олардың 67,8 пайызы дәрігерлер мен орта буын медицина қыз­мет­кер­лері. Мемлекет бас­шы­­сының дәрігерлер еңбегін лайықты бағалау туралы бастамасынан кейін облыста алдыңғы шепте науқастарға медициналық қыз­мет көрсеткен 15 маман мем­­лекеттік наградаларға ие бол­ды. Одан бөлек, медицина қызметкерлерінің кәсіби мере­кесіне орай 55 медицина қыз­меткері Денсаулық сақтау минис­тр­лігі тарапынан марапатталды.

Дәл қазіргі кезеңде олардың еңбегін бағалау, күні-түні қауіп­тің өтінде жүрген мамандық иеле­ріне көрсетілер құрмет ерекше болуы тиіс. Саулығы сыр берген адамның алдымен дәрігерге жүгінетіні анық. Ал өз басын қатерге тігіп, науқастарды аурудан арашалап алмаққа асыққан ақ халат иесінің жайын ойладық па?..

Өкінішке қарай, аймақ медицинасы осы дерттің бетін қайтармаққа жанталасып жүрген бес бірдей маманынан айырылды. Жуырда облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сындарлы сәтте антынан айнымай, демі үзілгенше ел саулығын сақтауға қызмет еткен осы жандар алуға тиісті мемлекеттік наградаларды олардың жақындарына табыс етті.

 Облыс орталығындағы жұқ­па­лы аурулар ауруханасы – ін­детке шалдыққан алғашқы науқасты қабылдаған емдеу мекемесі. Әрине, бастапқыда бұрын-соңды кездеспеген кеселдің атынан-ақ адам үркетін еді. Бірақ мамандар алғашқы сәттен-ақ жағдайды тез бағамдап, төсек тартқан жанға жәрдемге асықты.

– Алғашқыда үстімізге сақтық үшін киген киімнің де салмағы әжептәуір сезілетін еді. Бірақ көмек күтіп жатқан науқасты көр­генде бәрін ұмыттық. Үйге қайт­пай жұмыс істеген әріптес­те­ріме тәнтімін. Олардың бар­лы­ғы қандай да құрметке лайық жандар, – дейді облыстық жұқпа­лы аурулар ауруханасының мед­бике­сі, жуырда ғана «Құрмет» орде­німен марапатталған Райхан Нұрымбетова.

Райхан Қасымқызының осы емдеу мекемесінде жұмыс істе­ге­ніне биыл тура 40 жыл толыпты. Қызылорда қаласындағы медициналық училищені бітірген жылы алғаш табалдырығын ат­та­ған осы аурухананың әр ке­зе­ңі көз алдында. Бірақ биыл­ғы­дай қарбалас көбейген сәті есінде жоқ.

Алғашқы сәттен-ақ жер­гі­лікті билік жұртты дерттен сақ­тан­дырумен қатар дәрі­гер­лер­дің қауіпсіздігін де қамтамасыз етті. Жергілікті кәсіпкерлер коронавируспен күреске жұмылдырылған мамандар үшін қонақүйлерін босатып беріп, азаматтық жасады. Дәрігерлер жұмыстан кейін үйлеріне қайтпай, барлық жағ­да­йы жасалған осы жайларға тұрақ­та­ды. Мемлекет жасап жатқан қолдаудан бөлек, іскер азаматтар дәрігерлер үшін қаржылай демеу де ұйымдастырып жатыр.

– Бұл біздің қоғамның қиын­дыққа қарсы біріге ала­тын­ды­ғын көрсетті. Ауруха­на­да жат­қандарға көмек көрсетуден ерік­ті­лер де сырт қалып жатқан жоқ. Бәрінің тілегі – індетті тоқтатып, төсекке таңылған жандарға жәр­дем беру. Осылайша жұмыла білген жұрттан дерт те жеңіледі. Амандық болса, бұл қиындықтан да өтеміз. Біздің салаға жасалып жатқан қолдауға ризамыз. Мем­ле­кет тарапынан еңбегіміздің елен­ге­ні ерекше серпін береді, – дейді Райхан Қасымқызы.

Қазір өршіген дерттің беті біртіндеп қайтып келе жатыр. Ел саулығы сақшыларының жұмысы сонда да саябыр табар емес. Олар төсекке таңылған соңғы нау­қас ауруынан айығып, үйіне шық­қан­ша тыным таппайды. Бұл айтуға ғана оңай, әрине. Осындай үлкен істе біздің кейіпкеріміз секілді мыңдаған маманның үлесі бар.

 

Қызылорда облысы