Карантин режімі шілденің соңына дейін созылуына байланысты мұқтаж жандарға төленетін 42 500 теңгеге бүгіннен бастап өтінім қабылданады. Бұл туралы кеше Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді.
Оның айтуынша, жалпы негізгі қағидат бойынша бұл төлем жұмыс істеп жүрген және карантиннің күшейтілген шараларына қатысты табысынан айрылған азаматтарға төленеді. Алдымен, бұл жәрдемақы ақысыз демалысқа жіберілген жалдамалы жұмыскерлерге беріледі. Мұнда өтінімді тек жұмыс беруші жібереді. Қойылатын бір ғана шарт – жұмысшылардың жұмысы карантинде тоқтап қалса ғана беріледі. Оны жергілікті аудан, қала бойынша штаттар, «Атамекен» ҰКП өңірлік өкілдері тексереді. Себебі қазіргі шектеу шаралары жеңілдеу болғанымен, әр өңірде бас санитарлық дәрігерлер өз шектеулерін қойып жатыр.
Екіншіден, карантинде жұмысы тұралаған жеке кәсіпкерлерге және жеке практикамен айналысатын азаматтарға 42 500 теңге төленеді. Олар өтінімді өздері береді. Бұл жолы оларға зейнетақы жарналарының, әлеуметтік жарналардың төленуі немесе төленбеуі туралы талап қойылмайды.
Үшіншіден, азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімдер бойынша жұмыс істеп жүрген фрилансерлер де жәрдемақы ала алады. Ол үшін өтінімді тікелей өздері береді. Мұнда осы жылдың 6 айының ішінде бір рет болса да зейнетақылық жарналарын аудару туралы ғана талап қойылады.
Сондай-ақ өз бетінше жұмыс істеп жүрген азаматтар жұмысы тоқтап калса, төлем ала алады. Оларға алдыңғыдай бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеудің қажеті жоқ.
Ал мемлекеттік бюджет есебінен зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақылар, атаулы әлеуметтік көмек немесе сақтандыру қорынан тиісті көлемде көмек алып жүрген азаматтар карантин кезінде берілетін біржолғы төлемді ала алмайды.
Бұған қоса министр жақын арада жұмыстан шығып кеткендер Жұмыспен қамту орталығына хабарласу керек екенін айтты. Бұл орталық тұрғындарға бос вакансияларды немесе басқа да жұмыспен қамту шараларын ұсынады. Егер де еш жұмыс лайық келмесе, үш күнде жұмыссыз ретінде тіркеледі және автоматты түрде Мемлекеттік сақтандыру қорынан жұмыссыздыққа қатысты басқа төлем 6 ай бойы төленеді.
«Студенттер мен декреттегі әйелдерге тағы да түсіндіріп кетсем. Бұл біржолғы төлемде «студент», «декреттегі әйел» деген санаттар жоқ. Яғни студентке студент болғаны үшін жәрдемақы төленбейді. Өткенде де солай болған. Бірақ студент жалданып жұмыс істесе, карантин кесірінен ақысыз демалысқа жіберілсе, ол үшін жұмыс берушісі өтініш бере алады. Ал егер студент жеке кәсіпкер болып, ай сайын БЖТ төлеп жүрген кәсіпкер болса, ол жағдайда да 42 500 теңге алады. Ал енді осы күнге дейін бейресми жұмыс істедім деп бір рет БЖТ төлеген студенттер 42 500 теңге ала алмайды. Декреттегі әйелдерге қатысты ереже өзгеріссіз қалатын болды. Ол дегеніміз – бала 1 жасқа толмайынша мемлекеттен жәрдемақы немесе сақтандыру қорынан жәрдемақы алып жүреді. Сондықтан 1 жасқа толғанша төлемге үміттене алмайды. Ал 1 жастан асса, егер жұмысқа шығып, ТЖ бойынша ақысыз демалысқа шықса, әрине ала алады. Жеке кәсібі болып немесе БЖТ төлеп жүріп, жұмысы тоқтаса, ала алады», деді Б.Нұрымбетов.
Сонымен қатар министр 42 500 теңгелік көмекке өтінімді қандай портал арқылы ұсыну керек екенін атап өтті.
Жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген және төлемге құқығы бар қызметкерлердің тізімін жұмыс берушілер
egov.kz және 42500.enbek.kz порталдары арқылы ұсынады. Олардың қызметінің шектелу фактісін құрамына ҰКП мен кәсіподақтардың өкілдері кіретін аудандық және қалалық штабтар растайды. Басқа санаттар төлемдерді тағайындау үшін өз бетінше өтініш береді. Ол үшін біз бірнеше жолды қарастырдық. Жалдамалы қызметкер болып саналмайтын, төлем тағайындауға жататын азаматтар: egov.kz – «электронды үкіметтің» веб-порталы; 42 500.enbek.kz порталы; «Электронды үкімет» telegram-bot-ы; Aitu мессенджерінде
42 500.enbek.kz қосымшасы; екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары мен интернет-ресурстары арқылы өтінім бере алады.
Сондай-ақ төлемдерді проактивті форматта тағайындау қарастырылады. Қызметі шектелген, соңғы рет төлем алған азаматтардан SMS арқылы табысы тоқтағанын растау сұралады. Оң жауап пен проактивті түрде тағайындауға келісім болған жағдайда, төлемдер өтінімсіз тағайындалады.