Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Шыңғыс Ахметовтің және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Фархат Сәрсекеевтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Жиында бизнесті карантин кезіндегі дамыту және қолдау нәтижелері айтылды.
Әлемдік экономика дамуының қазіргі кезеңінде шағын және орта бизнесті қолдау тұрақты жұмыс орындарын құру мен экономика өсімінің негізі саналады. Бұл халықтың әл-ауқатының көтерілуіне мультипликативті әсер ететіні белгілі.
– COVID-19 пандемиясы кезеңінде халыққа кесел жұқтырудың алдын алу үшін көптеген жұмыс істелуде. Соның ішінде Қазақстандағы ШОБ субъектілері үшін де бірқатар шектеу шаралары бекітілгені көпке аян. Бүгінде оларды қолдау мақсатында Үкімет дағдарысқа қарсы бірқатар шараларды ұсынды. ШОБ-тың қаржыға қол жеткізуін жеңілдету мақсатында мемлекеттік бағдарламалардың шарттары өзгертілді, – деді Ш.Ахметов.
Оның айтуынша, кәсібін енді бастаған тұлғаларға да арнайы жеңілдіктер қарастырылуда. Банктер несие күнтізбесін ұзартты, енді салық бойынша да кедергілер болмайды.
Мәселен, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында «Даму» қоры несие сомасы 239 млрд теңге болатын 6,8 мың жобаға қолдау көрсеткен. Қолдаудың ең қажетті құралдарының бірі – сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау. Бұл құрал бойынша көмекті кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар экономикасы», БҰҰ Даму бағдарламасы мен «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ала алады. Осы кезеңде жалпы сомасы 3 трлн теңге болатын 16 мыңнан астам жоба жүзеге асқан.
Баспасөз мәслихаты барысында спикерлер кәсіпкерлердің жұмысы ілгерілеу үшін барынша қолайлы жағдай жасалатынын жеткізді.
– «Даму» қоры төтенше жағдай режімі кезінде және карантин енгізілген сәттен бастап қазақстандық бизнес үшін мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуден тынбады. 16 наурыздан бастап қор жалпы сомасы 101 млрд теңге болатын 1 294 жобаға субсидия және кепілдік берді, – деді Ф.Сәрсекеев.
Мұнымен қатар, дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру аясында және ТЖ кезіндегі шешім қабылдау процесін оңтайландыру мақсатында «Даму» қоры ШОБ несиелерін қайта құрылымдауға қатысты өзгерістерді мақұлдаудың оңайлатылған түріне көшіп, жоба қарау мерзімін 5-тен 1 күнге дейін қысқартқан. 16 наурыздан 25 мамыр аралығында қор жаңа жобалармен қатар, жалпы сомасы 467 млрд теңге болатын 6 091 жобаны қарап, қайта құрылымдауды ұсынып отыр.
Кәсіпкерлерді қамту аясын кеңейту үшін «Даму» қоры «Al Hilal» банкі мен «Қазақстан Иджара» компаниясына жалпы сомасы 10,5 млрд теңге болатын қаражат салуға келісім жасаған. Бұл қаржы кәсіпкерлерге «Мурабаха» ислам қаржыландыру қағидаттары шарты бойынша беріледі.