Көлік жөндеу орталығында тұрған осынша "темір тұлпар" түгі қалмай өртеніп кетті. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, өрт бүгін, 17 шілдеде сағат 19:21-де басталды, деп хабарлайды Egemen.kz
"Атырау қаласындағы И.Тайманов көшесінде орналасқан "Қазазер" ЖШС-нің көлік жөндеу орталығында өрт шықты. Өрт салдарынан ғимараттың ішінде тұрған 8 жеңіл автокөлік жанып кетті. Жалынды сөндіруге арнаулы қызметтің 15 қызметкері мен 4 техникасы тартылды. Өрт сағат 20:00-де ауыздықталып, 20:41-де толығымен сөндірілді", деп хабарлады баспасөз қызметінен.