Сарығаштық жас жұбайлардың тойы Instagram-ға тараған. Оны Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері әлеуметтік желіде байқап қалып, той ұйымдастырған тұрғынды анықтаған, - деп хабарлайды Egemen.kz облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полицейлер мен жергілікті органдардан құрылған мобильді топ қызметкерлері оқиға орнына барып, тексеру жүргізген. Нәтижесінде бейнежазба Сарыағаш қаласында түсірілгені анықталып, той иесіне тиісті шаралар қолданылды.
"Тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасына бақылау басқармасының қызметкерлері той өткізген азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы "Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу" бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Түркістан облысының полицейлері облыс тұрғындарына елімізде енгізілген карантин талаптарын сақтап, әрбір азаматтың өз өмірі мен денсаулығына аса жауапкершілікпен қарауға шақырады", - делінген департамент хабарламасында.