• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Білім 21 Шілде, 2020

Онлайн олимпиадалар ойды жетілдіреді

1957 рет
көрсетілді

Ғалымдар кез келген адамның талантты болып өмірге келетінін айтады. Бірақ мектеп олардың дарынының толық ашылуына мүмкіндік бермейді-міс. Білім ошағын аттағаннан кейін баланың қабілеті бірте-бірте төмендей береді екен. Себебі бүгінгі оқу процесі, институт бағдарламалары тұлғаның бейімін шектейді. Бұл – тәжірибе жүзінде берілген анықтама. Ата-ананың қысымы, ұстаздардың күштеп оқытуы баланы «шаблонды» ойлауға итермелейді. Ал мұның алдын алу үшін не істеу керек?

 

Мәртебесі анықталған жоқ

Оқушының еркін ойлауына қалай мотивация береміз? Бұл үшін әлем оқымыстылары онлайн олимпиадаларды жиі ұйымдастырады. Ал Қазақ­стандағы онлайн олимпиада­лар­дың халі қалай, отандық білім байқауларының мазмұнын арттыра алдық па?

Шетелдік байқауларға қаты­суға бейіл мектеп ұстаздарының әрекеті еске түседі. Жарнасын жұ­мыла жинап, іріктеп, бірін бәй­геге қосады. Шәкіртін де үгіттеп, түсініксіз тапсырмаға бірлесе жауап іздеп зар қағатын да, содан соң артынан бір жапырақ мақтау қағазға мәз болатын-ды. Қазір бұл жүйенің дәуірі өтті. Шынында, отандық рухани өнімдер ығыстырды. Білікті мамандар біздегі білім жүйесіне сәйкес арнайы ақылы байқаулар ұйымдастыра бастады. Әрине, бір шетінен пайдалы кәсіп деп алсақ, екіншіден сұранысқа сай қаракет. Міне, мәселе осы жерде қоюлана түсе­тіндей. Алдымен Білім және ғылым министрі Асхат Айма­ғамбетовтің жылдық есебін­дегі мына сөзін дәйекке алсақ, «Үйде болғанда, сабақтан бос уақытта ақылы олимпиа­даға қатысамын десе, оған ешкім шектеу қоя алмайды. Өйткені бұл – адамның жеке таң­дауы. Олимпиадаларға қатысу әркімнің өз еркінде». Министр­дің бұл сөзінен олим­пиа­да­лардың бала қабілетін шың­­дауда, жеке ізденістерінде ма­ңызды рөл атқаратынын аң­дай­­мыз.

– Қазір олимпиада көбейіп кетті деп айтуға болмайтын шы­ғар. Олардың саны біршама азайды. Кейбір олимпиадалардың маз­мұны да жоғалып кетті. Олар тапсырманы береді. Кейін оны бала алып, үйіне барады. Туған-туыстарымен бірге тапсырманы орындап, жауабын береді.

Ол жауап бойынша 1 емес, 30 адам бірінші орын, 30 адам екінші орынды алады. Сонда мұндай олимпиаданың қандай мәні бар?, – дейді А.Аймағамбетов. Бұдан онлайн олимпиадалардың мағынасына мән беру керектігін, әлі де жүйеленбей жатқан дүние­лердің барын аңғарамыз.

 Қазір карантин уақыты. Білім ордаларының қашықтан оқуға көшуі қазақстандықтардың цифр­лы технологияларды қолдану деңгейін көтерді. Осы ретте мұ­ғалімдердің біліктілігін арт­тыруда және дарынды оқу­шы­ларды анықтауда онлайн олимпиадалардың үлесі ұшан-теңіз. Мұны есеп беру кезінде министр де ескерді. Әйтсе де әттеген-айы, әлі күнге онлайн олимпиадалардың мәртебесі айқындалмай келеді. Он­лайн форматқа көшу, авто­мат­­тандырылған порталдар қаты­сушылардың шынайы білім көр­сеткішін көрсетеді. Ең бас­тысы, сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді. Барлығы адами факторлардың әсерінсіз анық­талып, ашық жүзеге асады. Қара­пайым педагогтер үшін оның көптеген оң әсері бар. Жасыратыны жоқ, бұған дейін шетелдік сайттар елімізде үстем­дігін жүргізіп келді. Ал қазір отандық білім саласының дамуына үлес қоса алатын мекемелер көп. Бәсеке бар жерде өнім де, қызмет көрсету сапасы да артады. Сол себепті оларды қолдап, арнайы талаптар қойып, еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік жасаған тиімді. Қазақстандағы онлайн олимпиада өткізетін Daryn.kz, cdo.kz, Qaztest.kz, nio.kz, daryn.online сайттары үлкен сұранысқа ие. Осы орайда Қазақстанда алғаш білім сайттарының іргетасын қалаған азаматтардың бірі, SKILLS ACADEMY мекемесінің директоры Берікбол Төлеген отандық онлайн олимпиадалардың мәртебесін айқындап, арнайы реестр жасау керектігін айтады.

– Жалпы, онлайн олимпиа­далар министрліктің жұмы­сына қолдау білдірмесе, кедер­гі кел­тіріп отырған жоқ. Біздің олим­пиадаларға қатысу­шы­лардың барлығы ризашы­лық­тарын біл­діруде. Себебі аттестаттаудан өт­­к­ен кезде жоғары рөл ойнап жа­тады. Дегенмен, кей өңірлер он­лайн олимпиадаларды жарамсыз деп танып алған. Оған себеп, министрлік тарапынан нақты мәлімдеме болмауы. 2018 жылы министрлік аттестаттауға жарамды байқаулардың тізі­мін жариялады. Оған біз де қосылдық. Кейіннен оны жарамсыз деп танып, күшін жойды. Бірақ әлі күнге жаңа тізім шығарылмады. Журналистер көп жағдайда министрліктің аузынан шыққан сөзді бұрмалап жеткізеді. «Мектептерде ақылы олимпиадалар жүргізуге болмайды» десе, ақылы олимпиадаларға тыйым салынады дегендей жазады. Осы тұрғыда екінші тарап­тың да құқы қорғалып, онлайн олимпиадалардың арнайы тізімі жарияланса деген ұсыныс бар, – дейді Б.Төлеген.

 

Білім сайыстарына сұраныс жоғары

Кейіпкеріміз алғашқы білім сайтын 2014 жылы ашқан. Ол кезде қазақ интернет кеңістігінде білім сайттары енді кеңейе бастаған еді. Серіктесімен бірге мұғалім мәртебесін көтеру мақсатында Martebe.kz порталын құрады. Портал аз уақыттың ішінде оқырманның көңілінен шығып, көптеген жобалары өз нәтижесін берді. 2016 жылы Мемлекеттік тілді дамыту қо­ры мен Тұңғыш Президент қоры ұйымдастырған ең үздік қазақ тілді сайт байқауында  «Білім бұлағы» аталымы бо­йынша жеңімпаз атанады. Қазір республикадағы үздік 40 сайттың қатарында. Жалпы бұл сайт өз миссиясын толық атқарды дейді маман.

– Martebe.kz сайтын жүр­гіз­ген кезде бізге байқаулар, олим­­пиадалар өткізу тура­лы ұсыныс көп келетін. Со­сын мұғалімдердің портфолио­ларын зерттеп қарадым. Қазақ­стандық педагогтердің 70-80 пайызында ресейлік infourok.ru, kopilkaurokov.ru сынды сайт­­тардың марапаттарын­ алған. «Неге біз өзіміздің сұ­ра­ны­сымызды өзіміз қанағат­тандырмаймыз?» деп өзімізді қамшылап qaztest.kz жобасын бастадық. Бұл сайттың жобалары бүгінде көпшілікке таныс. Бір айта кетерлігі, байқау жасаған кезде біз қазылыққа ЖОО-ның оқытушы құрамдарын, ғылыми атағы бар тәжірибелі мамандарды шақырдық. Бірақ қазылардың бағалауында біркелкілік жоқ, кейде көңіл күйіне қарай, кейде басқа да адами факторлар әсер етіп жатады. Осы жағдай қайталанбас үшін байқаулардың барлығын түбегейлі онлайн форматқа ауыстырдық. 2019 жылдан бастап барлық конкурс олимпиада түрінде Qaztest.kz сайтында өте бастады. Бұл шешімнің дұрыстығына көзіміз жетті. Елімізде онлайнға көзқарас енді қалыптасуда. Осы салада жүрген маман ретінде онлайн олимпиадалар – мұғалімнің шынайы білімін көрсете алады дегім келеді, – дейді Б.Төлеген.

Қазір сайтқа 100 мыңнан астам қолданушы тіркелген. Басым көпшілігі тұрақты түрде қатысады. Олимпиада сұрақтары мектеп бағдарламасына сай әзірленеді. Педагог мамандармен арнайы келісімшарт жасалып, авторлық құқық сақталады. Тест сұрақтары арнайы qaztest олимпиадалары үшін құрастырылады және ешқайда таратылмайды!

Біз көптеген байқаулардың тест-тапсырмаларын әзірлеген білікті маман, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы Дариға Әзімбаеваға хабарласып, сұрақтарды құрастырарда неге сүйенетінін сұрадық.

– Онлайн-олимпиада тапсырмаларын құрастыруда бір­неше әдістемелік қағидаттар ес­керіледі: Олар: пәнаралық байланысты ескеру, тапсырмалардың күрделілігі (жеңілден ауырға өту), олимпиада тапсырмаларының тақырып мазмұнын ашуы. Он­лайн-олимпиада тапсырмала­рын құрастыруда авторлар пән оқулықтарына, заңнамалық құ­жаттарға, министрлік бекіткен нор­мативтік құжаттарға негіз­деледі. Міндетті түрде әде­биеттің соңғы жылдары шыққан жиілігі пайдаланылады және авторлар тарапынан олимпиада тапсырмалары мұқият тексерілді, – дейді Д.Әзімбаева.

Биылғы оқу жүйесі төртінші тоқсанда карантинге байланысты онлайн режімге көшкені белгілі. Сол тұста Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов оқу­шы­ларға Daryn.online платформасын негізге алып оқуды ұсынды. Тіпті сайтқа қалай кіріп, пайдалану керектігін де нұсқаған болатын. Демек төтенше жағдай кезінде ақылы білім сайттары министрліктің мойнына түскен жүкті бірге көтерісті десек артық айтпағанымыз. Daryn.online республикалық білім беру платформасының директоры Асқар Мақсат карантин кезінде тегін сабақтар өткізгенін тілге тиек етті.

– Біздің мақсат – қолжетімді сапалы білім. Республикалық деңгейдегі жарыстарға арнайы мектеп оқушылары ғана емес, ауыл жастары да қатысса деген ниет. Біз платформамызда барлығын автоматтандыруға тырыстық және оқушыларға сабақты оқуға мотивация болсын деген оймен бонустар үлестірудеміз. Бұл оқушыларға үлкен мүмкіндік береді. Яғни сабақ оқып отырып, тапсыр­маларға дұрыс жауап берсе, басқа да сабақтарды сатып алуға болады. Осындай элементтер арқылы қолданушылар саны артты. Карантин уақытында тұтынушыларға ақысыз қызмет көрсеттік, – дейді А.Мақсат.

Қазіргі таңда платформаға 2 546 000 оқушы тіркелген. Білім порталының толық қазақ­ша екенін ескерсек, мектеп оқушыларының 80 пайызы пайдаланады деуге болады. Ата-ана баласына қосымша білім алу үшін репетитор немесе білім беретін орталықтар іздеп уақыт жоғалтпайды. Үйде интернет желісі мен компьютер болса жеткілікті. Қаржылай тиімділігіне тоқталатын болсақ, оқушы бір пәннен білім алу үшін айына 2 мың теңге көле­мінде қаржы жұмсайды. Оған қоса тәжірибелі, білікті ұстаз­дардан онлайн білім алады. Жоба авторларының түлектерге арнаған тосынсыйы да бар. Бұл – білім гранты. Еліміздегі бір­неше жоғары оқу орындарымен келісімшарт жасасқан. 

 Ғаламторға ойын емес, пайым көздеп кір

Мектеп қабырғасында қатысуға міндеттелетін пәндік олимпиадалар көбінесі қатысушылардың пікірін ескере бермейді. Ол бүгінге дейін күрмеуі шешілмей келе жатқан түйін. Біз сол себепті аталмыш олимпиадаларға қатысушылардың да ойларын ортаға салғанды жөн санадық. Ұйымдастырушылар тұтынушылардың тілегін қаншалықты ескеретіндігін, қатысушылардың талабын орындай ма соны білгіміз келді. Осы ретте ақтөбелік Балдырған Табылдинамен сөйлескен болатынбыз. Жас маман қатысушысы ретінде онлайн олимпиадалардың мұғалімнің теориялық білімін шыңдап, кәсіби шеберлігі дамытатына сенім білдірді. Ал талдықорғандық № 14 орта мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлжан Тұрарбекқызы олимпиада оқушылардың әсіресе грамматиканы тыңғылықты үйренуіне септігін тигізетінін жеткізді.– Жаңа бағдарлама бойынша грамматика тереңдетіліп оқытылмайды. Алайда осы олқылықтың орнын олимпиада кезінде толтырып отырады. Сондықтан бұл олимпиаданың пайдасы мол деп ойлаймын. Мысалы жергілікті байқаулардағыдай таныс-тамырлыққа жол берілмейді. Қоғамдағы «жемқорлық» дертіне тосқауыл болатын тәсіл деп ойлаймын. Оқушы, не мұғалім болсын өзінің жарнасын төлеп, тапсырма мен шарттарын орындайды. Одан кейін оның білімі шынайы түрде шығады. Сол себепті, бұл онлайн олимпиадалар қоғамдағы шынайылықты орнатуға көп пайда береді, – дейді тәжірбиелі ұстаз.​

Бұл орайда сарапшылардың да пікірі тәуір. Пандемия жағдайында қашықтықтан білім алуды заңдастыру күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің біріне айналды. Елді жылдам интернетпен қамтумен қатар, сапалы білім қызметін ұсынатын виртуалды нарық қалыптасты. Мұны саяси ғылымдарының докторы, профессор Гүлмира Сұлтанбаева да қоштап отыр.

– Онлайн олимпиадалардың ерекшелігі орта мектептердің оқушыларына, ұстаздарына арналған тестер жүйесінің қолжетімді болуы. Мектеп жасына дейінгі білім, тәрбие орындарының тәрбиешісі, әдіскерлері де осы алаңда өз білімдерін жетілдіру, біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік алып отыр. Мұндай алаңдарды мемлекет тарапына қолдау цифрлы Қазақстанның орнығуына және адам капиталы дамуына да үлкен серпін болмақ, – дейді сарапшы.​Заман ағымына сай қашықтан оқытудан қашып құтыла алмайтын анық. Білім жүйесі бірізділікке түсу үшін өзге елдің тәжірибесіне иек сүйенгеніміздің еш әбестігі жоқ. Қазір қоғам ғаламтордың құрсауында, бәрі онлайнға көшті. Оқушының үйде отырып-ақ қабілетін арттыруға орасан мүмкіндік бар. Бүгінде ғаламторға ойын іздеп емес, пайым көздеп кіруіне болады. Еңдеше отандық онлайн олимпиадаларды жетілдіруге тиіспіз. Сонда ғана бәйек болған білім саласының жұмысы жеңілдейтін еді. Бұл қажеттілік карантин кезіңде көрініс берді де. Тек атүсті қарамай, ұлттың рухани қылтасына бойлай білуіміз шарт.