Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ку Хонг-Сок мырзамен онлайн-кеңес өткізді.
Кездесу барысында тараптар екі елдегі эпидемиялық жағдайды, пандемияның даму ерекшеліктерін және коронавирус жұқтырған пациенттерге медициналық көмек көрсету, Қазақстан мен Кореяның ынтымақтастығына қатысты өзекті мәселелерді, оның ішінде денсаулық сақтау, медициналық білім және ғылым саласындағы тәжірибе мен білім алмасуды талқылады.
Корей тарапы COVID-19-ға қарсы күрестегі тәжірибесімен және инфекциялық аурулардың болашақта өршіп кетуіне жол бермеу үшін денсаулық сақтау жүйесін нығайту бойынша шаралармен бөлісті.
А.Цойдың айтуынша, халықаралық ынтымақтастық пен өзара қолдау COVID-19-ға қарсы күресте үлкен маңызға ие. Кореяның коронавируспен күресте тәжірибесі мол, сондықтан ынтымақтастық пандемияға байланысты туындаған бірқатар проблеманы шешуге, әсіресе COVID-19-ды бақылау ісінде білім мен озық тәжірибелерді алмасуға көмектеседі.
Кездесу қорытындысы бойынша денсаулық сақтау саласындағы Қазақстан-Корея ынтымақтастығын одан әрі дамыту, атап айтқанда COVID-19 бойынша әдіснама, жағдайды болжау, модельдеу және т.б. бойынша онлайн режімде мамандарды оқыту семинарларын өткізу жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді. Сондай-ақ тараптар екіжақты ынтымақтастықты қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді перспективаларды стратегиялық дамыту туралы шешім қабылдады. Бұл өзара тиімді әріптестікке серпін береді.