• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Шілде, 2020

Параолимпиадалық спортшы халықаралық сыйақыға үміткер

350 рет
көрсетілді

Қазақстандық параолимпиадалық спортшы Әлия Раева айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгені және қоғамның дамуына зор үлес қосқаны үшін Герман Гмайнердің халықаралық сыйақысына тағайындалып, соңғы дауыс беру кезеңіне өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Жеңімпаз жинаған дауыс санына байланысты белгіленеді. Дәл қазір Әлия екінші орынды иеленуде, оның жеңіске жетуі үшін келесі сілтеме арқылы әлі де дауыс беруге болады: 

https://www.sos-childrensvillages.org/who-we-are/hermann-gmeiner-award/2020-hermann-gmeiner-award

Әлия SOS Алматы Балалар қалашығының тәрбиеленушісі. Дүниеге келген бойда Әлияға балалардағы церебралды сал диагнозы қойылып, соның салдарынан бойжеткен шағында бірнеше күрделі ота жасалды. Дәрігерлер Әлия жүре алмайды деген шешім шығарды.

Алайда жақындарының қолдауымен, өзінің ерік күшінің, жігерінің арқасында Әлия қорқынышты ауруды жеңіп шықты. Аяғына тұрып, толыққанды білім алып, өмірлік серігін кездестіріп, отбасын құрды. Сүйікті жұмысына адал, мақсаттарына берік жан. Қазіргі таңда қоғамдық қорда қызмет атқарып, қиын жағдайға тап болған адамдарға өз-өзіне деген сенімін қайтаруға көмектесуде.

Әлияның өмір хиқаясы сыйақы ұйымдастырушыларыңың көңілінен шығып, бүкіл әлемнен қатысқан 200 үміткердің арасынан іріктеліп, финалға өтіп, 8 финалдық қатысушылар санына ілінді. Дауыс беру 23 шілдеге дейін жалғасады. Әлия жеңген жағдайда Қазақстан мен ТМД елдерінің тарихындағы аталған сыйақыны ұтып алған алғашқы үміткер атанады.  

Герман Гмайнердың сыйақысы – SOS Балалар қалашықтарының белгілі жетістіктерге қол жеткізіп, басқаларға (спорт, шығармашылық, кәсіптік тарапынан) үлгі бола алатын тәрбиеленушілеріне тағайындалады. Сыйақы екі жылда бір рет ең көп дауыс жинаған әйел және ер адамға беріледі.

SOS Балалар ауылдары – жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балаларды ұзақ мерзімде отбасы моделінде тәрбие берумен айналысады. Алғашқы SOS Балалар ауылы  1949 жылы  Имст қаласында (Австрияда) Герман Гмайнер австриялық педагогтың бастауымен ашылған. Бүгін SOS Балалар ауылдары әлемнің 136 елінде мыңдаған балаларға сүйіспеншілік пен қамқор ортада өсуге мүмкіндік беріп келеді. Қазақстанда SOS Балалар ауылдары 1994 жылдан бері Алматы, Нұр-Сұлтан және Теміртау қалаларында жұмыс атқарып жатыр.