Қазақстан ауруханаларындағы төсек-орындар саны 49,7 мыңға жетті. Ауруханада жатқандардың саны азайып, реанимация бөлімдеріндегі орындар босай бастаған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты.
"Ел бойынша ауруханалардағы 34 мың төсек-орынның саны 49,7 мыңға дейін көбейді. Провизорлық орталықтардағы төсек-орындар 20%-ға, ал реанимациялар 6%-ға босай бастады. 2962 мобильді бригада құрылды", - деді ол.
Қазір республика бойынша 1985 дана өкпені жасанды желдету аппараты бар екен.
"Қосымша 4183 аппарат сатып алғалы жатырмыз, оның 3105 данасын отандық өндірушілерден аламыз. Ел бойынша 21 855 ауруханадағы кереует жанында оттегі бар. Баса айта кетерлігі, аймақ-аймаққа баратын 100 көшпелі медициналық кешен сатып алғалы жатырмыз. Олар аймақтарда көрсетілетін қызметтердің ауқымын кеңейтеді. Мәселен, рентген аппараттары, УЗД, ЭКГ жасайтын және қан талдауын жасайтын мүмкіндіктерге ие. Екі апталық карантиннің нақты нәтижелерін көріп отырмыз. Күнделікті коронавирус жұқтыру деңгейі 4%-дан 2,1%-ға дейін төмендеді. Қазақстан бойынша жедел жәрдем шақыратындар саны 23%-ға азайды, ал, жекелеген қалалардағы жедел жәрдемге түсетін салмақ екі есеге азайды. Қазір динамика тұрақтанып келеді, дәрігерлер де бұрынғы жұмыс ритміне қайта оралып жатыр. Денсаулық сақтау жүйесі бір сәтте өзгере алмайды. Екі апта бұрынғы жағдаймен салыстырғанда, қазір позитивті өзгерістер бар", - деді Цой.