• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Шілде, 2020

Түркістанда жолдарға жүргізілген сараптама нәтижесінде 61 бұзушылық деректері анықталды

182 рет
көрсетілді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің жанынан құрылған "Сапалы жол - адалдық алаңы" жобасы аясында республикалық, облыстық, аудандық және жергілікті жолдардың сапасына тұрақты негізде бақылау жұмыстары жүргізіліп келеді, - деп жазады Egemen.kz

Бұл үрдіс Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаментінің бастамасымен киелі өңірде де өз жалғасын тауып, "Ұлттық жол активтері сапасы орталығы" РМК филиалының қызметкерлері мен "Түркістан - адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің және Арнайы мониторингтік топ мүшелерінің қатысуымен облысқа қарасты автомобиль жолдарының сапасы жіті қадалағанып келеді. 

"Ағымдағы жылы мониторингтік топ мүшелері Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Бәйдібек, Созақ, Сарыағаш аудандарында арнайы болып, тұрғындардың арыз-шағымдары негізінде  жаңадан төселген автокөлік жолдарға сараптама жүргізді.  Нәтижесінде 61 бұзушылық деректері, атап айтсақ асфальт -бетон жамылғысындағы қалыңдықтың сәйкес келмеуі,  жол төселімінде шөгінділер мен тегіссіздіктер, сынулар мен ығысулардың орын алуы, жол жиектерінің бұзылғандығы мен шөптердің шиыршықтала өсіп шыққандығы, сондай-ақ алынған 67 сынаманың 47-сі бекітілген талапқа сәйкес келмейтіндігі анықталып,   ақауларды жою бойынша жергілікті атқарушы органдарға тапсырыс берушімен 6 хат жіберілді. Бұған қоса,  жыл басынан бері  облыстық маңызы бар тас жолдарда ауыр жүк көліктерінің ішкі тәртібіне рейдтік шаралар жүргізіліп, нәтижесінде шамадан тыс жүк тиеген 70 ауыр жүк көлігіне жалпы құны 1 377 370 теңге көлемінде айыппұл салынды", дейді Департамент басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай. 

Айта кетейік, бұл бағыттағы жұмыстар, яғни облысқа қарасты барлық қала, аудандардың автокөлік жолдарына тұрақты негізде мониторингтік жұмыстары жүргізіліп отырады.   Осы орайда,  Департамент өңір тұрғындары  өзі тұратын қала, аудандардың жол сапасынан  кемшіліктер мен ақауларды байқаған жағдайда,  + 7 747 263 83 63 нөміріне қоңырау шалуға (фото-, видеоматериалдарды қоса жіберуге) және мониторинг жұмыстарына қатысуға болатынын хабарлайды.

 

 

Түркістан облысы