2030 жылы Қазақстанда су шаруашылығы инфрақұрылымын салу және қайта құру есебінен 3 млн гектар суармалы жерді сумен қамту жоспарланып отыр. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Марат Иманәлиевтің айтуынша, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл мәселеге айрықша назар аударуы оның әлеуметтік маңызы мен еліміз үшін стратегиялық мәнін көрсетеді.
«Экология министрлігінің міндеті – суармалы жерлерді, яғни гидромелиоративтік желіні сумен қамту, яғни бұл су көзі, су қоймалары. Бірінші кезекте, жаңа, суаруға арналған су қоймаларын салу жоспарланған, – деді М.Иманәлиев. – Сонымен қатар жоспарда бюджет қаражаты есебінен де, халықаралық қаржы ұйымдары арқылы да жаңа каналдар салу мен бұрынғыларын жаңғырту жұмысы бар».
2026 жылға қарай 38 су қоймасын салу жоспарлануда. Министрліктің жоспарынша, әуелгі міндет – су шаруашылығы желілерін қайта салу кезінде егіске су жеткізу кезінде орын алатын су жоғалтуды болдырмау. Сондықтан ауыл шаруашылығындағы фермерлерге суару кезінде су үнемдеу әдісіне, оның ішінде тамшылатып суаруға көшу маңызды. Бұл ретте аталған ведомство өз тарапынан су жеткізу кезіндегі суару кезінде су үнемдеу әдісі есебінен лимит белгілеуді, жаңа сараланған тарифті ұсынады, яғни көп алсаңыз, көп төлейсіз. Мұндай тарифтер Израильде қолданылады. Суару кезінде су үнемдеу жүйесін қарқынды қолдану, су жоғалтуды болдырмау есебінен суармалы жерлердің аумағын ұлғайту көп су алуға әкелмейді дейді олар.
«Қазақстанның су шаруашылығы қауымдастығының» президенті Нұрлан Атшабаров су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аса маңызды екенін айтады. Бұл мемлекеттік бағдарлама алдағы 10 жылға арналған мақсаттар мен міндеттерді анықтайды. Бұл тиісті қаржыландыруды, оның ішінде, мысалы, су нысандарын қалпына келтіруді, суару жүйесінің құрылысын қамтамасыз етеді.
Жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы кезінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа суды басқарудың мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар туралы есеп берген болатын. Ведомство басшысы бұл бағдарламаны ғалымдарды, сала ардагерлерін кеңінен қатыстыра отырып әзірлегенін жеткізген еді.
– Осы мемлекеттік бағдарлама төңірегіндегі негізгі көрсеткіштердің бірі – Жолдауда көрсетілген суармалы жер көлемін 2030 жылға дейін 1,5 млн-нан 3 млн гектарға дейін ұлғайту туралы тапсырманың орындалуы. Бұл оңай міндет емес, бірақ қол жеткізуге болады. Біздің әр облыстағы әкімдіктермен, Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлескен жоспарымыз бар. Егер былтыр 66 мың гектар жер енгізілген болса, биыл 500 мың гектарға жуық жерде жұмыс жалғасуда, – деді министр.
Мемлекеттік бағдарламаның басқа маңызды индикаторлары – су шығынын шамамен 3 есе азайтуға, сондай-ақ су қоймаларын салуға бағытталған. Бұл республикада қосымша 400 мың га суармалы жерді енгізуге, шамамен 130 мың жұмыс орнын құруға және 70-тен астам елді мекенде су тасқыны қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл су қоймаларын салу Қазақстанға көрші елдерге тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Мәселен, Қырғызстаннан – 30%, Өзбекстан мен Ресей Федерациясынан – 15%.
Нұрлан Атшабаровтың айтуынша, Қазақстан аумағындағы 8 өзен бассейнінің 7-еуі – трансшекаралық.
– Біз суды ішінара сырттан аламыз. 50% республика ішінде қалыптасады, шамамен 50%-ы сырттан келеді. Трансшекаралық өзендер туралы, суды бөлу туралы, оны жеткізу көлемі туралы келісімге келуіміз керек. Сонымен қатар Қазақстан осы бассейндердің аяғында орналасқандықтан, сумен қамтамасыз етуде үлкен айырмашылықтар туындайды. Су ресурстарын басқаруға ел басшылығының мұқият назар аударуы суды, оның ішінде көктемгі су тасқыны кезінде арнайы су қоймаларында үнемдеу қажеттілігімен түсіндіріледі. Бұл экономика, экология және ауыз сумен қамтамасыз ету қажеттіліктері үшін су қорын құруға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл мәселелерді үнемі шешіп отыру қажет, оның көпшілігі мемлекеттік деңгейде шешіледі. Бізде Ресеймен, Қытаймен және Орталық Азия елдерімен жұмыс істейтін арнайы комиссиялар бар, – деді Н.Атшабаров.
Еліміздің су шаруашылығы ардагері Аманжол Қожағұлов мемлекет уақтылы қабылдаған шаралар келешекте су тапшылығын болдырмауға мүмкіндік беретінін айтады. Яғни Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі су шаруашылығын дамытуға назар аударуы болашақтағы су проблемаларының алдын алуға бағытталған. Осындай шаралардың бірі ретінде ол елдегі су қорын қамтамасыз ету, сондай-ақ су тасқынының алдын алу үшін су қоймаларын салу маңызды деп санайды.
– Мұны қазір жасау керек. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан ішінара басқа елдердің су ресурстарына тәуелді. Сондықтан су мәселелерін уақтылы шешу – республикамыз үшін өте маңызды, – деді А.Қожағұлов.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бұған дейін атап өткендей, Қазақстандағы жерүсті суларының орташа мөлшері шамамен 101 текше шақырымды құрайды. Бұл көлемнің 54%-ы ішкі, 46%-ы көрші елдерден келеді. Еліміздің ауыл шаруашылығында суды тұтынудағы негізгі проблема каналдар мен суару жүйелерінің әбден тозуында болғандықтан су тасымалдау кезіндегі жоғары шығынға әкеледі. Тиісінше, жағдайды жақсарту үшін каналдарды жөндеу және суды басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу қажет. Осыған байланысты министрліктің алдында 2030 жылы қосымша су ресурстарын ұлғайту, суармалы жерлерді 1,4 млн-нан 3 млн гектарға дейін ұлғайту үшін жаңа суару жүйелерін салу, су ресурстарын басқаруды жаңарту және қалпына келтіру арқылы 100 текше шақырым су теңгерімін сақтау, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және қайта құру, жаңа су қоймаларын салу, су шаруашылығын цифрландыру, суды үнемдеу және т.б. міндеттер тұр. Осы орайда министр барлық қазақстандықтарды су ресурстарына көбірек көңіл бөлуге шақырып отыр.