Қоғам • Бүгін, 13:13

Су тасқыны: Ақмола облысында жағдай қалай?

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің басым бөлігінде су тасқынының белсенді кезеңі айтарлықтай бәсеңдеді, ахуал тұрақты. Төтенше жағдайлар министрлігі тәулік бойы мониторинг жүргізіп, барлық өңірлердегі жағдайды бақылауда ұстап отыр, деп жазады Egemen.kz.

Су тасқыны: Ақмола облысында жағдай қалай?

Фото: ТЖМ

1 наурыздан бастап ТЖМ жанынан су тасқынына қарсы жедел штаб жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар әр өңірде азаматтық қорғау қызметтері мен мүдделі органдардың іс-қимылын үйлестіретін облыстық штабтар құрылған.

Қазіргі таңда елдің оңтүстік және батыс өңірлерінде су тасқынының белсенді кезеңі аяқталуға жақын, ал негізгі қауіп Ақмола облысында тіркеліп отыр.

Шөптікөл бөгетіндегі қазіргі ахуал: Сабынды ауылында су тасқыны қаупі жойылды

Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстары тұрақты бақылауда тұр.

Су тасқынының салдарын болдырмау үшін кең көлемді алдын алу шаралары қолға алынған. Атап айтқанда:

  • 9 млн-нан астам текше метр қар шығарылды;
  • 1,3 млн-нан астам текше метр еріген су сорылды;
  • 79 мыңнан астам қап және 103 мың тонна инертті материал төселді;
  • 1,9 млн метрден астам арықтар мен каналдар тазартылды;
  • 5 мыңнан астам уақытша бөгендер тұрғызылды.

Сонымен қатар 43 әуеден барлау жүргізіліп, 305 су тасқыны қаупі бар елді мекен тексерілді.

Су тасқынының шарықтау шегі Ақмола өңірінде өтіп жатырҚорғалжын ауданындағы Шөптікөл бөгетінің ішінара бұзылуы дер кезінде қалпына келтірілді, елді мекендерге қауіп жоқ. Сондай-ақ Қалқұтан өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты Ескі Қалқұтан ауылына кіреберіс уақытша жабылды, бірақ елді мекенге қауіп жоқ.

Ал Солтүстік Қазақстан облысында тәулік бойы мониторинг жүргізіліп жатыр.

  • 28 мың қап дайындалды, 10 мың қап төселді;
  • Есіл өзені бойына 2 мың метр полиэтилен төсемі төселді;
  • Әуеден қар қоры мен су нысандары тексерілді;
  • Жағдай толық бақылауға алынған. 

Шығыс Қазақстан облысында ТЖМ әскери бөлімдері су тасқынына қарсы жұмыстарды аяқтады.

  • 4,9 км арық тазартылды;
  • 6 көпір, 2 канал және 27 су өткізу нысаны тазартылды;
  • 1220 қап инертті материал қолданылды.

Қостанай өңірінде су тасқыны жағдайы тұрақты, су деңгейі қауіпті межеден аспайды, су басу фактілері тіркелмеген.

Абай және Қарағанды облыстарында су тасқынының белсенді кезеңі аяқталып, жағдай тұрақты. Абай облысында қар жамылғысы шамамен 8% ғана, өзендер штаттық режимде.

Су тасқыны: Қазақстанның бірнеше өңірінде тасжолдарды су басты

Су тасқынымен күреске 700-ден астам адам, 227 техника, 40 мотопомпа және 5 жүзу құралы жұмылдырылған. Сонымен қатар әскери бөлімдер Солтүстік Қазақстандағы қауіпті учаскелерде шоғырланған.

Қазіргі таңда елдегі су тасқыны жағдайы тұрақты бақылауда, негізгі қауіптер азайтылған. Дегенмен гидрологиялық мониторинг тәулік бойы жалғасуда, ал барлық қызметтердің жұмысы күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар