Қазақ руханиятының тарихында өзіндік орны бар Троицк шаһарын жанай ағып өтетін Үй өзенінің сол жақ жағалауындағы боз бетегелі кең алқапта кәдімгі қазақтың ағаш керегелі ақ шаңқан киіз үйі тұр. Ескінің өзіндей, ата-бабаның көзіндей көрінген еңселі ақбоз үй сонау алыстан көз тартып менмұндалайды. Сондықтан алыс-жақынға сапарға шыққан жолаушы бұл үйге қарай еріксіз ат басын бұрып қызықтап келіп, аз-кем аялдап өтеді.
Үй иесі – Троицк мешітінің бас имамы Аязбек Тұтқышев. Келген кісіні төріне отырғызып, дәм тартып, сырлы тостағанмен қымызын ұсынады. Қызықтаушы біресе шаңыраққа шалқая қарап, біресе туырлықты тор керегенің әр жерін ұстап көріп, ананы бір, мынаны бір сұрайды. Жүзінен иман тамған имам әр сауалды жымия тыңдап, ерінбей жауап беріп, мейманын дала көшпенділерінің тұрмыстық мәдениеті мен киіз үйдің қарапайым да ғажайып құрылымы туралы қызықты әңгімесімен баурап алады.
Аязбек қалада баспанасы болмаған соң, киіз үйде тұрып жатыр екен деп ойлап қалмаңыз. Бұл оның мешіттегі жұмысынан соң тынығып, тыныс керетін саф ауа саржайлауы. Әйтпесе қаланың қақ ортасында кең үйі бар. Ал бес қанатты киіз үй – жазғы тұрағы. Өзі Орынбор өңірінде туып-өскен азаматты осыдан бес жыл бұрын Челябі облысының бас мүфтиі шақыртып, Троицкідегі Зейнолла ишан мешітіне бас имам етіп тағайындапты. Содан бері осында.
– Елде мал бағып өстік. Мұнда келсем, жер көп, бірақ ешкім мал ұстамайды. Содан Орынбор облысында қалған малымды әкелдім де, әкімдікке барып жер сұрадым. «Маңайды шолып, өзіңіз қарап көріңіз» – деген соң, шұрайлы жайылым іздеп біраз жүрдім. Ақыры жайлы жер тауып, жайлау еттім. Малшы іздеп көріп едім, табылмады. Содан жарым мен бес баламды ертіп жайлауға өзім шықтым. Көмекшім де, қолдаушым да – өз отбасым. Әсіресе, бала-шағама жақсы болды. Тіпті қалаға барғылары жоқ. Мына жер жақсы болды. Қыздар қойға шығады. Үлкен ұлым жылқыға кетеді. Одан кейінгі екеуі күнұзақ сиыр бағады...
– Келімді-кетімді кісі көп шығар?
– Күнде келеді, – деп күледі Аязбек. – Орысы да, қазағы да бар. Әсіресе, Қазақстаннан көшіп келген орыстар әдейі іздеп келіп, қымыз, құрт, айран сұрайды. Әйтеуір келген адамның меселін қайтарған жоқпыз. Бәрінің айтатыны – бір әңгіме. «Қазақстанда жақсы тұрдық. Қазақ халқына ризамыз» – дейді.
Жалпы, мұнда жергілікті қазақтар күйлі тұрады. Бірақ өкінішке қарай, көбі тілден айырылып қалды, – деп күрсінді қандасымыз. – Үлкен кісілер бар тіл білетін. Бірақ 50-60 жастың маңайындағылар тілді ұмытқан. Ал Орынбор жағында қазақшылық басым. Ол жақта ана тілді білмеу деген мәселе жоқ. Міне, Троицкіге келгенімізге биыл тура бес жыл болды. Халқы да, жері де тамаша. Бірақ мұнда балалар тілді ұмытып қала ма деп алаңдаймын. Содан ең болмаса, жазғы оқу демалысы кезінде оңаша отау тігіп, атакәсіппен айналысып, ұлттық ғұрыпты ұстанайық деген тоқтамға келдім. Наурыз айында карантин басталды. Мешіт жұмысы тоқтады. Мамырдың басында осында келдік.
Аязбектің айтуынша, өткен жылы Троицк өңіріндегі қазақтар бас қосып, басқалардан кем болмайық деген ниетпен «Айқап» деп аталатын ұлттық қоғам ашқан. Басты мақсат – жергілікті қазақтарға ана тілін үйретіп, болашақ ұрпақтың бойына ұлттық салт-дәстүрді сіңіру. Жастарға домбыра үйретіп, өнерге баулу. Індет қаупі сейіліп, карантин режімі аяқталса, мұндағы қазақ қоғамы күзге қарай бас қосып, алқалы жиын өткізіп, алдағы жоба-жоспарларын нақтылап, пысықтап алмақ.
Айтпақшы алдағы жылы Аязбектің жайлауына іргелес жатқан бос жерлерге киіз үй тігіп, мал ұстап, бие сауғысы келетіндер көп екен.
Ресей Федерациясы,
Челябі облысы,
Троицк қаласы