Әрбір адамның бойында жоғары сана, жасампаз рух, мықты тәртіп болу керек. Әсіресе, бүгінгідей ел басына күн туған кезеңде бұл қасиеттер аса қажет. Бүкіл әлемнің әлін келтірмей, еркіндігін тұқыртып отырған мынау пандемия уақтысы – адам баласының нағыз ойланатын тұсы.
Бұл қатерлі індеттің Қазақстандағы жағдайына байланысты Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев еліне жанашыр, халқына қамқор басшы екенін көрсетіп-ақ келеді. Өзінің ақыл-күшін осы індеттің беті қайтуына жұмсап, үкіметке, әкімдерге, басқа деңгейдегі басшыларға тапсырма беріп, оң нәтижесіне мүдделі болып отырған жағдайы бар.
Қай халық, қай ұлт өкілі болса да Құдайдан қорқып, патшадан ығып, елдің заңына бағына білгені абзал. Бұл кезең енжарлықты, бос көңілділікті, әрекетсіздікті көтермейді. Қазір халықтың тастүйін бірлігі мен ынтымағы керек. Қайткенде де қайрат тауып, коронавирусқа тосқауыл қою керек. Күн сайын естіп отырғанымыздай, қатерлі індеттің өршіп тұрғаны – тым қауіпті. Ұланғайыр даламыздағы 19 миллион халықтың саны жағынан бұдан әрі азайып кетуі – нағыз апат. Құдіреті күшті, мейірімі шексіз Алладан елдің амандығын, қазақтың қауіпсіздігін сұрайық.
Патша – біреу, қалғаны оған тіреу. Күн сайынғы айтылып жатқан нұсқауларды мүлтіксіз орындау – көпшілік қауымның міндеті. Қамығу, торығу, үрей туғызу пайда бермейді.
Әрбір адамның ішкі күрескерлік рухы мықты болу керек. Қайтсек өзімізге, отбасымызға, жақынымызға, ауыл аймаққа, елге, ұлтқа, ұрпаққа «зиянымызды тигізбейміз?» деген сұрақ – бұл күннің басты сауалы да, талабы да.
Дертті жұқтырған отандастарымыздың дәрі-дәрімекке, дәрігерлік көмекке зәру болуы – алабөтен әңгіме. Көп жайтқа бәріміз де кінәліміз.
Біз адамгершілік, имандылық, мейірім, жаңағы айтқан тәртіп пен сана, т.б. адами құндылықтардың құлдырап бара жатуынан да осындай кеселге кезігіп отырған жоқпыз ба?! Ойланатын уақыт жетті, ағайын. Жерді, суды, мұхитты бүлдіріппіз. Аспанды ыс түтінге толтырыппыз, табиғатты аялай білмеппіз. Отбасының берекесін, шаңырақтың шаттығын, бала тәрбиесін алдыңғы орынға қоятын ғасырлардан келе жатқан қастерлі салтымызды үкілеп ұстай алмаппыз. Жаратылыс заңдылықтарына лайықты көңіл бөлмеппіз. Ендігі жерде ел болып, жұрт болып қатемізді түзеп, қасіреттен құтылудың жолын іздейік.
Кемеңгер Төле би атамыз айтпақшы, «Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» болайық. Бірлік пен тәртіп, сенім мен жігер әлсіремесін. Президенттің ізгі ниет-пейіліне, арды ойлаған әрекетіне қолдау көрсетейік.
Дүниеге жаңа сана, парасатты пайыммен қарайық.
Күләш АХМЕТОВА,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты