Түркістан облысында учаскелік полиция инспекторының жедел-әрекеті арқасында бұзақылық тоқтатылды. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.
Естеріңізге сала кетсек, Кентау қаласына қарасты Шорнақ ауылында ер адам мен ауылдасының арасында түсінбеушілік орын алып, соңы бұзақылыққа ұласқан. Яғни жәбірленушінің үйіне бірнеше автокөлікпен белгісіз адамдар келіп, оның үйі мен көршілерінің ауласына қарай тас лақтырған. Нәтижесінде, жәбірленушінің үш туысы жарақат алып, дереу ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілген.
Аталған ақпаратты алысымен оқиға орнына алғашқылардың бірі болып, осы аймаққа белгіленген учаскелік полиция инспекторы Нұрлан Құралбаев жеткен. Ол ауыл тұрғындары арасындағы түсінбеушілікті тоқтатып, тұрғындардың қару қолдануына жол бермеді.
Осылайша, учаскелік полиция инспекторының жедел әрекет етіп, дұрыс жұмыс жүргізгенінің арқасында дау-дамай мен бұзақылықты тоқтатып, адам шығынының болуына жол бермеді. Алайда, өз қызметін атқару барысында полицей күдіктілер лақтырған тастан жарақат алып, ауруханаға жеткізіліп, оған медициналық көмек көрсетілген.
Түркістан облыстық полиция департаментінің басшылығынан құрылған жедел-тергеу тобы бір тәулік ішінде осы бұзақылыққа қатысы бар төрт тұрғынды ұстады. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.