• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Оқиға 24 Шілде, 2020

Нағыз полицей күдіктіні ұстау үшін 13-қабаттан секірді

452 рет
көрсетілді

Адамзат баласы ғасырларда бір келетін індетпен бетпе-бет келіп жатса да, ініне тығылған қылмыс пен азғындық ара-тұра бой көрсетуде. Қазір елімізде қылмыстық ахуал тұрақталды десек те, тығылып есірткі сатқан, жезөкшілікпен айналысып, кісінің мүлкіне сұғанақтық танытқан оқиғалар кездеседі. Осындай келеңсіздіктерді тойтарып, қоғам тыныштығын күзеткен азаматтар, өз ісіне адал берілген полиция қызметкерлері қандай құрметке болса да лайық.

Мәселен, елімізде аса қауіпті қыл­мыс­керді қолға түсірген тағы жеті қыз­мет­кер марапатталды. Дегенмен, олардың ішінде Бақытжан Бәкіровтің ерлігі ерекше атап өтуге тұрарлық. Ал осындай абыройға бөленіп жатқан полиция қызметкерлері мұны батырлыққа баламайды. Бұл олар үшін кәдімгі жұмыс, қылмыскерді ұстау – міндет.

Осы арада еске сала кету керек, биыл 11 шілдеде 36 жас­­тағы алматылық полиция қыз­мет­кері Бақытжан Бәкіров қыл­мыс­­керді ұстаймын деп биік үйдің 13-қабатынан секірген. Осылайша, Бақытжан аса ауыр қылмысты жедел әшкерелеп, кәмелетке толмаған адамды тонау мен зорлау оқиғасына қатысы бар күдіктіні ұстаған еді.

Екібастұздан келген 1989 жылғы Ш. есімді азамат өзі көз­деп, кілтін тауып кірген үйден аса қомақты қаражатты қалтасына басқаны аз көрінсе керек, бұдан кейін де аса ауыр қылмысқа бар­ған. Ол төрт жасар бала мен 15 жас­­тағы қыз тұратын үйге кіріп, 17 мың АҚШ долларын ұрлап, қыз­ға зорлық-зомбылық көрсет­кен. Полиция департаменті осы қыл­мыс­қа байланыс­ты арнайы жос­пар құрып, оның қайда жа­сырын­ғанын анықтайды. Күдік­ті Алма­ты қаласындағы әл-Фара­би даң­ғылында орналасқан тұрғын­үйлердің бірінің 13-қабатындағы пәтерде бой тасалап жатқан.

Қылмыскер қолға түсіру барысында, әрине сытылып кетуге жантала­сып, ашық терезеден секіріп кеткен. Оның соңынан полиция қызметкері де се­кірген. Екеуі де бір қабат төмен орналас­қан террасаға құлап, полиция майоры Б.Бәкіров аяғының сынғанына қарамас­тан, күдіктінің қашып кетуіне жол бер­меді. Азғын дер кезінде айғағы­мен тұтқындалды.

«Қылмыскер қаша жөнелген кезде мен де соңынан қудым. Ол бөлмелердің біріне кіріп, ашық терезеден секірді. Басты мақсат – қуып жету болғандықтан, маған оның соңынан секіруге тура келді», деп түсіндірді бұл әрекетін Б.Бәкіров.

Құқық қорғау қызметкер­лері қылмыскердің қайда жа­сырынғанын анықтағаннан кейін, пәтер иесімен келісіп, құрылысшылардың киімімен тө­менгі қабатта су ағып жа­тыр деген желеумен ол тығыл­ған пәтерге кіреді. «Құры­лысшылар» «суы ағып жатқан кранды» іздеп жатқан кезде азғын өзіне бір қауіптің келге­нін сезіп, қашуға ұмтылады.

Әрі қарайғы сюжет жоға­ры­да баяндағанымыздай. Дәл осын­дай тағдыршешті, аса қа­уіп­ті сәтте полиция қызмет­кері­не спорттық машығы, түр­лі жа­рыстардың жүлдегері атан­дыр­­ған дайындығы көмек­тесті.

– Мен өз ісіне адал поли­ция қызметкері болуға ант бер­генмін!.. Мұнсыз полицияға кім сенеді?! Біз төрт күн бойы қы­л­мыскердің ізіне түсумен бол­­дық. Ал қорлық көрген қыз­­дың анасы азғынды қа­шан ұс­тайтынымызды білу үшін күн сайын хабарласып тұр­ды. Біз оны ұстап, құрыққа түсір­гені­мізге толық көзім жет­­кен кезде, көзімнен жас ыр­шып кетті, – дейді  Бақытжан Бәкіров.

Қысқасы, бейбіт өмірде «Бэтмен» болған Б.Бәкіров осын­дай көзсіз ерлігі үшін Ішкі істер министрлігінің «Құқық тәртібін қамтамасыз етуде қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Бұл марапатты оған Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов табыстады.

– Бүгін біздің әріптесіміз Бақыт­жан Бәкіров Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғым­баев­тың шешімі бойынша «Құқық тәртібін қамтамасыз етуде қос­­қан үлесі үшін» меда­лі­мен марапатталды. Осы мақ­­сат­пен біз оның үйіне барып, денсау­лығын біліп, тезі­рек сауы­ғып кетуін тіледік. Майор Бақытжан Бәкіровке риза­­шылығымды білдіремін. Осын­дай лайықты ұлды тәр­бие­леп өсірген ата-анасына ерек­ше ал­ғыс айтамын! – деді Қанат Тай­мерденов.

Сонымен қатар министрдің және Полиция департаменті басшысының марапаты Түрк­сіб аудандық ПБ жанын­дағы поли­ция бөлімінің тағы жеті қыз­меткеріне берілді. Олардың шебер әрекеті арқа­сында баланы қорлаған аса қа­уіпті қылмыскердің жолы кесі­ліп, ендігі жерде лайықты жазасын алады.

 

АЛМАТЫ