Әлемде және Қазақстанда халықтың қаржылық сауатының деңгейі қандай? Жуырда Freedom Finance life компаниясы осы тақырыпта жүргізілген зерттеу нәтижесін жариялады.
Standard&Poors рейтинг агенттігіне сілтеме жасаған компания, 2014 жылы қазақстандықтардың 40 пайызы қаржылай сауатты болды деген деректі алға тартты. Ал дамыған елдердің көрсеткіштері ол кезде 50-55 пайыздан аспайтын.
Еліміздің Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүргізген онлайн-сауалдамаға сәйкес, қазіргі таңда Қазақстандағы қаржылық сауаттылықтың орташа көрсеткіші 80 пайызды құрайды. Агенттіктің зерттеуіне жасы жиырмадан асқан 25 019 адам қатысқанын, респонденттердің басым көпшілігі ер адамдар болғанын айта кетейік. Қаржылық сауаттың негізгі өлшемі ретінде несие алу, депозит ашу, банк карталарын қолдану, интернет-банкингті пайдалану, ерікті сақтандыру, қор нарығы құралдарымен жұмыс істеу және басқалары қарастырылған. Нәтижесінде, қатысушылардың 88 пайыздан астамы бір рет болса да несие алғаны, 67 пайызының депозит ашқаны, 88 пайызға жуығы банк картасын қолданатыны, 39 пайызы ерікті сақтандыру қызметіне жүгінгені анықталды.
Зерттеу көрсеткендей, респонденттердің 89 пайызы жеке немесе отбасы бюджетін жүргізеді. 88 пайызы қаржылық қызмет көрсету тұтынушылары ретіндегі құқығы шектелсе қайда хабарласу керектігінен хабардар.
OECD деректеріне сүйенсек, халықтың қаржылық сауатының деңгейі бойынша ТМД елдері ішінде ең жоғары орында Ресей Федерациясы тұр. Одан кейінгі орын Беларуське, үшінші орын Қазақстанға тиесілі. Біздің елден кейінгі сатыға Армения, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан елдері орналасты.
Британдық HowMuch ақпараттық порталының зерттеуі бойынша, қаржылық сауат деңгейі бойынша дүние жүзінде Дания көш бастайды. Алғашқы ондыққа Норвегия, Швеция, Канада, Израиль, Ұлыбритания, Германия, Нидерланд, Аустралия және Финляндия енеді.
Freedom Finance Life компаниясы хабарлағандай, қаржылық сауатты көтеру үшін ең бастысы, азаматтар жеке қаржысын басқаруды үйренуі керек. Тапқан капиталды тиімді басқару, шығындарды табыстан асырмау әдістерін түсіну өте маңызды.
– Бір қарағанда бәрі оңай сияқты, алайда заманауи қаржы құралдарын ақша жинау, жұмсау және сақтау үшін сауатты пайдалану бәрінің бірдей қолынан келе бермейді. Мысалы, қолма-қол қаражатты кейбіреулер әлі күнге үйде сақтағанды дұрыс көреді, ақшаның уақыт өте құнсызданатынын ескермейді. Құнсыздану қаупі өте зор, – дейді компания сарапшылары.
Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, кейбіреулер бүгінге дейін, банк карталарымен операция жасауға қорқады. Қаржы саласындағы білімін жетілдіруді армандайтын азаматтар да көп. Халықтың қаржылық сауатын жетілдіру үшін тиісті ақпараттар барынша қолжетімді, түсінікті әрі тегін болуы тиіс. Себебі бұл азаматтардың өзіне ғана емес, мемлекет үшін де пайдалы.