• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Шілде, 2020

Әулиеаталық әлеуметке тиісті қолдау көрсетілуде

232 рет
көрсетілді

Күллі адамзатты дүрліктірген коронавирус індеті өкінішке қарай елімізді де айналып өткен жоқ. Қауіпті індетпен күресте мемлекет тарапынан тиісті шаралар қабылданып, барлық өңірде сақтық шаралары күшейтілді. Сонымен қатар түрлі салада қызмет атқарып жүрген азаматтардың ортақ ұйымшылдығының нәтижесінде науқастар мен сол науқастарды емдеу жолында басын бәйгеге тігіп жүрген медицина қызметкерлеріне лайықты қолдау көрсетілуде. Бұл үрдіс Жамбыл облысында да лайықты деңгейде жалғасуда.

Жуырда «Қазфосфат» ЖШС бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров жеке қаражатының есебінен әрқайсысының құны 580 мың теңге тұратын 10 жасанды тыныс алу аппараттарын сатып алып, облыстық ауруханаға тапсырған болатын. Сонымен қатар бүгінде өңірде мұқтаж отбасыларға пневмония мен коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмектер таратылуда. Тұрғындарға қажетті мың­нан астам медициналық пакет қам­тылған. Ал Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевтың ай­туын­­ша, әкім­діктің қолдауымен және «Супер-Фарм» жергілікті кәсіпорнының қаржы­лан­ды­руымен қаладағы 9 емханаға 560 дәрі-дәрмек пакеті жеткізілген. Бір ғана №5 ем­ханаға жеткізілген дәрі-дәрмектің жалпы құны 27 млн теңгені құрайды. Жеткізілген дәрі-дәрмектер қата­рында ксарелто, осельтамивир акри­хин, зитрокс секілді қымбат препа­рат­тар да бар. Кейбірінің бағасы 7 мың теңгеден басталады. Сондай-ақ таратылған пакеттерде шприцтер, системалар, спирттік сүлгілер, коронавирус инфекциясы мен пневмонияны емдеуге арналған антибиотиктер, дәрумендер, антипиретикалық және қабынуға қарсы дәрілер бар. Бір пакет бір апталық емдеу курсына арналған. Өзіндік құны бойынша бағасы 7 825 теңгені құрайды. Бұдан бөлек, қала әкімдігінің тарапынан жұқпалы аурулар ауруханасында ем алып жатқан 250 науқасқа ыстық тамақ ұйымдастырылған. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасы мен №1 қалалық ауруханасында ем алып жатқан науқастар мен медицина қызметкерлеріне де ыстық тамақ пен өзге де қажетті көмектер көрсетілуде. Ал «Рухани жаңғыру» жобалық офисі бастамашы болған «Қымызмұрындық» шарасына тараздық кәсіпкерлер де өз үлесін қосуда. Қауіпті індетті жұқтырғандар ем алып жатқан облыстық көпбейінді балалар ауруханасына 100 литр қымыз жеткізілген. Бұл үрдіс әлі де жалғасын табады.

Сонымен қатар «Тараз» әлеу­мет­тік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ және «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының қолдауымен қосымша 520 дәрі-дәрмек пакеті сатып алынған. «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Самат Қосалиевтің айтуынша, өңірдегі кәсіпкерлердің қолдауымен 350 млн теңгеге жуық қаражат жиналған. Оған жасанды тыныс алу аппараттары және қажетті дәрі-дәрмектер сатып алынып, облыстың барлық ауданына тегін таратылған. Өңірде бастау алған «Жақсылық жаршысы» акциясы әлі де жалғасын табатын болады. Сондай-ақ «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Олжас Қаржауов облыстағы қайырымдылық акциясына кәсіпкерлердің бірауыздан атсалысқанын жеткізді. Бұл қайырым­ды­лық акциясына аталған екі мекеме мұрындық болған. Бірінші арнайы топ облыстағы барлық ауданды аралап шы­­ғып­ты. Әуелгі кезекте қажетті заттар тізімделген екен. Мәселен, Байзақ ауда­нына цефтриаксон, зитрокс, ацетил­са­лицил, антигриппин, парацетамол және глюкоза сияқты қажетті дәрілер жет­кі­зіл­ген.

«Біз өңірдегі барлық аудандар мен ауыл­дарды аралап шықтық. Анти­ви­рус­тық, ыстықты түсіретін дәрілерді жеткіздік. Бұл шараға атсалысқан бар­лық кәсіпкерлерге алғыс айтқым келеді. Енді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев­тың тапсырмасымен өңірдің жедел жәрдем автокөліктерін жаңартуды қолға алмақпыз», дейді О.Қаржауов. Тағы бір айта кетерлігі, қайырымдылық акциясына «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы облыстағы дәрі­ха­налардан тапсырыс алып, тұр­ғын­дарға арзан бағаға дәрі-дәрмек та­­уып беру жағын қолға алыпты. Бүгінгі таңда Шымкент қаласындағы «Зерде» дәріханалар желісімен аталған бағытта жұмыстар басталып кеткен.

 

Жамбыл облысы