Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында азаматтардың зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алуға жұмсау мүмкіндігін қарастыру жөніндегі бастамасы көпшіліктің көкейінде жүрген ойды дөп басқаны белгілі. Осы мәселені пысықтау үшін Президент былтыр Үкіметке нақты пәрмен берген. Аталған тетікті іске қосу қаншалықты ілгері жылжыды?
Өкінішке қарай, өткен жылдың соңына дейін пысықталуы тиіс мәселе әлі күнге нақты шешімін таппады. Тапсырманың орындалуының бұлай ұзаққа созылып кетуіне елге жайылған жаманат індеттің әлегі де ықпал етті. Дегенмен Президент Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында Үкіметке аталған мәселеге байланысты 1 шілдеге дейін шешім қабылдауды жүктеген. Шілде айының басында Үкіметтің баспасөз қызметі зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға жұмсау бойынша ұсыныстар әзірленгенін, соның негізінде шешім қабылдануы үшін Президент Әкімшілігіне келісуге жіберілгенін хабарлаған.
Азаматтардың зейнетақы жинағын белгілі бір мақсатқа жаратуына мүмкіндік беретін тетікті қарастыру үшін құрылған арнайы жұмыс тобы осыған дейін бірқатар ұсынысын жария етті. Бұл ұсыныс бойынша зейнетақы қорындағы ақшасын жеткілікті шекке дейін жинаған азаматтар ғана пайдалана алады. Яғни зейнетақы жинағынан жұмсалған ақшадан кейін қалған бөлігі ең төменгі зейнетақы төлеуге жетуі керек. Бұл шек әр жасқа байланысты әрқалай белгіленеді. Айталық ер азаматтар үшін зейнетақы қоры 30 жасқа дейін 6,7 млн теңге, 40 жасқа дейін 6,8 млн теңге, 50 жасқа дейін 7,2 млн теңге, 63 жасқа дейін 8,2 млн теңге болуы тиіс. Ал әйелдердің ерлерден ұзақтау өмір сүретіні ескеріліп, олар үшін бұл шек ерлерге қарағанда біршама көп болады. Осындай өлшеммен 113 мың жұмыс істейтін азамат зейнетақыға жинаған ақшасын жарата алады. Бұл ретте зейнетақы жинағының бір бөлігін жұмсайтын азаматтардың зейнет жасына дейін жинай алатын сомасы есептеледі.
Сонымен қатар бұған дейінгі ұсыныста зейнеткерлердің зейнетақы жинағының 50 пайызын алуына болатын норма қарастырылды. Мұндағы шарт базалық зейнетақы мен мемлекет тарапынан қосылатын зейнетақыны қоса есептегендегі сома зейнетке шығар алдындағы табыстың 40 пайызынан кем болмауы керек. Бұл үдеге сай келетін зейнет жасында 120 мыңға жуық азамат бар екен. Сонда жалпы зейнетақы жинағынан ақша алатындар 200 мыңнан аспақ. Бұл жалпы зейнетақы қоры салымшыларының болмашы ғана пайызын құрайды. Ал аталған шарттар бойынша зейнетақы жинағын пайдалана алатындар баспанаға зәру болмауы әбден мүмкін. Өйткені зейнетақы жинағы жеткілікті шектегі азаматтардың табысы едәуір жоғары, бақуатты болатыны анық. Ондай жұрттың үйі жоқ дегенге сену қиын.
Парламент Мәжілісінің депутаты Дания Еспаева мұның тәуір бастама екенін, бірақ оны жүзеге асыру үшін алдымен зейнетақы жүйесіне біраз реформа жасау керек екенін айтты.
«Қазір зейнетақы жинағындағы ақшасын пайдалана алатындардың үлесі тым аз. Себебі көп адамның қорында айтарлықтай қаржы жинала қоймаған. Сондықтан қазіргі зейнетақы жүйесіне сүйеніп, ілкімді бастаманы іске асыру өте қиын. Мұндай қадамдарға бару үшін алдымен салық салу мен әлеуметтік төлем әдісін өзгертуіміз керек. Еңбекақы төлеу қорының жүктемесі көп. Бүгінде табыс салығы мен әлеуметтік салық бар. Жұмыс беруші тарапынан ұсталатын әлеуметтік салық жұмысшының есебіне аударылса, біраз нәрсені өзгертуге болады. Яғни реформа жасайтын болса, аударымдарды қалай жүргізуді ескерген маңызды. Содан кейін барып азаматтардың қорындағы ақшаны ипотекаға пайдалану жағын қарастырған жөн деп ойлаймын», деді депутат.
Зейнетақы жинағын зейнет жасына дейін мақсатты пайдалануға мүмкіндік беру бастамасын қарастырғанда, шет мемлекеттердің де тәжірибесі зерделеніп жатыр. Әсіресе, бұл мәселеде Сингапур тәжірибесі жиі сөз болды. Бірақ бұл елдің моделі Қазақстандағы жағдаймен үйлесе қоюы екіталай сияқты. Сингапурда азаматтардың табысынан ай сайын зейнетақы қорына біздегідей 10 пайыз емес, 37 пайыз ұсталады екен. Бұған қоса Қазақстанда орташа айлық еңбекақы 181 мың болса, Сингапурда 3500 долларды құрайды. Осыған қарамастан белгілі экономист Олжас Құдайбергенов Сингапур тәжірибесі біздің ел үшін ең тиімді үлгі болады деп санайды.
«Бұл біржолғы бастама болса, шетелдік тәжірибенің қажеті жоқ. Ал мұны зейнетақы және тұрғын үй жүйелерін ықпалдастыру тұрғысынан тұрақты түрде іске асырғымыз келсе, Сингапур жақсы үлгі бола алады. Ол мемлекетте де басында халықтың тұрғын үймен аз қамтылуы, көлеңкелі экономика, зейнетақының төмендігі сияқты күрмеуі күрделі мәселелер шаш етектен болды. Бірақ олар бұл қиыншылықты еңсеріп, халықтың өз ақшасына үйлі болуға мүмкіндік беретін тетікті ойлап тапты. Бұл жерде мемлекет тек керемет үйлестіруші рөлін атқарды, сосын мәселелер біртіндеп шешіле бастады. Егер біржолғы іс-шара ретінде айтар болсақ, біздің елде басында 500-700 мыңға жуық адам баспанаға қол жеткізе алады. Ал келесі кезеңде тұрғын үй және зейнетақы жүйесін байланыстыра алсақ, онда зейнетақы қорының салымшыларына түгел баспаналы болуға мүмкіндік туады», деді экономист.
Бұған қоса Олжас Құдайбергенов қазақстандықтардың зейнетақы жинағына сүйеніп баспаналы болуына ықпал ететін бастама қазір мақұлданудың соңғы сатысында тұрғанын, жақын арада жаңалық болатынын атап өтті.
Осы тұрғыда журналист, қаржы нарығының сарапшысы, зейнетақы жүйесі тақырыбында enpi.kz порталын құрған Бота Жұманованың да ойын білген едік. Ол Президенттің бастамасын жүзеге асыруға болатынын, бұл ипотекамен айналысатын мемлекеттік институттар мен бағдарламаларды жетілдіруге серпін беретінін алға тартты.
«Қазақстан зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты қолдануға мүмкіндік беруге жүйелі түрде дайындалып жатыр. Бұл кредит берудің мемлекеттік тетігі арқылы жүзеге асатыны анық. Мысалы, бұл іс-шараға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі араласуға болады. Іс жүзінде бұл банкті арзан ипотекалық несие беруге бағытталған мемлекеттік банк деуге болады. Мемлекетке мемлекеттік банкке мемлекеттік зейнетақы қорынан ақша қосу ыңғайлы болады және ақша мемлекеттік жүйенің ішінде қалады. Бұл ретте тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға басымдық беріледі. Елдегі жылжымайтын мүліктің басым бөлігі Кеңес заманынан бері тұр. Алдағы 20 жылда тұрғын үй жағдайын жақсарту қажеттігі одан сайын күшейе түседі. Аталған бастаманың тиімді тұсы, адамдар зейнетақы жинағының пайдасын қазірден бастап көре бастайды, яғни өмірінің белсенді кезеңінде пайдалана алады. Бұған қоса қазақстандықтардың зейнетақы жинағы басқа елдер мен компаниялардың экономикасына емес, ел экономикасына жұмыс істейтін болады», деді Б. Жұманова.
Сондай-ақ сарапшының айтуынша, бұл идея зейнетақы қорының салымшылары үшін де тартымды болмақ. Қазір еңбекке жарамды халықтың көбі зейнетақы жүйесіне неғұрлым жоламауға тырысып, көлеңкелі экономикада жұмыс істейді. Өйткені олар қаражатын мейлінше тезірек жинап, ертерек үйлі болуға ұмтылады.
Енді зейнетақы жинағынан баспана алуға мүмкіндік туатын болса, салымшылардың да қатары көбейе түседі. Қазірдің өзінде оң өзгеріс байқалады. Нақтырақ айтсақ, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 1 шілдедегі дерегі бойынша салымшылардың жинақтары 11,8 трлн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 1,7 триллион теңгеге немесе 18 пайызға өскен. Жыл басынан бері БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттары 9 пайызға артып, 1 шілдеде 11,7 миллионға жетті.
Қалай болғанда да қолға алынған бастама барынша тиімді ұйымдастырылса, қамсыз қарттықтың кепілі зейнетақы жинағы да жеткілікті деңгейде қалып, азаматтардың зейнет жасына дейін үйлі-күйлі болғаны құба-құп болар еді. Жақын арада ұзаққа созылған бұл іс-шараға қатысты ұсыныстар ұтымды болып, нақты шешімі шығады деп үміттенеміз.