• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 27 Шілде, 2020

Ресейде шерулер тоқтамай тұр

462 рет
көрсетілді

Мыңдаған ресейлік тағы да шеруге шықты. Хабаровск аймағының қа­мауға алынған губернаторы Сергей Фургалды қол­дауға бағытталған санкцияланбаған акциялардың жал­ғасып жатқанына екінші апта болды.

Өткен сенбі күні шерудің жаңа толқыны басталып, оған он мыңға жуық адам қатысқан. «Еркіндік», «Бұл – біздің жер» деп ұрандатқан Хабаровск тұрғындарын қолдаушылар Ресей Федерациясының басқа да аймақтарынан табылды. Шеру жүріп жатқан өңірлер арасында Владивосток, Оңтүстік Сахалин, Мәскеу, Краснодар, Якутск, Новосібір, Красноярск, Иркутск бар. Олар «Хабаровск, біз біргеміз», «Хабаровск – батырлар қаласы» деп ұрандатуда.  Ақпарат агенттіктерінің жазуынша, Владивостоктағы шеруде адам қарасы қалың. Наразылар саяси тұтқындардың ісіне алаңдаушылық танытумен қоса, мемлекет басшылығының отставкаға кетуін талап ететінін ашық айтып жатыр. Тіпті шерулерде «Путин жоқ Ресейде тұрғымыз келеді» деген жазуларды кездестіруге болады.

Кеше санкцияланбаған митингтерге қатысқан 14 мәскеулік жауапқа тартылды. Сонымен бірге Юрий Долгорукий ескерткішінің алдында 30 адам ұсталды. Олар Бас прокуратураға Хабаровскідегі жағдайды назарға алып, мәселені анықтап, реттеуге өтініш жазбақ болған. Сонымен бірге саяси тұтқындардың ісін қайта қарап, митинг өткізуге шектеулерді алып тастауды талап еткен.

Соңғы деректерге сүйенсек, Хабаровск аймағының өзінде акцияларға 50 мың адам қатысыпты. Ал үкімет қазір ашық алаңдарды жауып, көшеге шыққандарды карантин тәртібін бұзды деген айыппен жауапқа тартуда. Ал 9 шілдеде ұсталған Хабаровскінің бұрынғы губернаторы Сергей Фургалдың ісі әлі нақтыланған жоқ. 20 шілдеде оны мемлекет басшысы Владимир Путин қызметінен босатып, орнына Мемлекеттік дума депутаты Михаил Дегтяревті та­ғайындады. Хабаровскі тұрғындары уақытша тағай­ын­далған басшының отставкаға кетуін талап етуде.