• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Шілде, 2020

Алғы шептен көрінді

372 рет
көрсетілді

Төтеннен келген індеттің халықты әбден әбігерге салғаны белгілі. Осы қиын жағдайда халыққа алғашқы болып қолұшын созғандар қатарында волонтерлер болды. Олар дәрігерлерді тамақтандыру, ауруханаларда ауыр оттегі баллондарын тасу, санитарлық жұмыс секілді міндеттерге ойланбастан кірісіп кетті. Сондай волонтерлер қатарында оралдық Серік Мұқашев та бар.

Серік ауыр жұмыстан шаршағанына қарамастан, ауысымы аяқталған соң ауруха­надағы міндеті, науқастардың жайы мен еріктілер туралы айтып беруге келісті. Жұ­мы­сының қаншалықты қиын екенін білген­діктен көп уақытын алмауға тырыстық. Ба­тыс Қазақстан облыстық жұқпалы аурулар ауру­­ханасында төртінші жұмыс күнін аяқ­таған кейіпкеріміз жағдайды ашық айтуға тырысты.

– Бүгін өте ауыр күн болды. Десе де жақ­сы жаңалықтар да бар. Мен келген бірінші күні екі адам, келесі күні тағы бір адам ем­деліп, ауруханадан шыққан еді. Ал кеше үйіне қайтқан ешкім болмады. Алайда бүгін мен іс­тейтін бөлімнен бірден 16 адамның індетінен айыққаны қуантты, – деп бастады ол әңгімесін.

30 күн бойы ауруханада санитар болып жұмыс істеген Серік арнайы киімді киіп жүрудің өзі оңай емес дейді. Вирустан қорғайтын бірнеше қабат костюмнен ауа өтпейтіні соншалық, адам қобалжып, тұн­шығып қалуы әбден мүмкін екен. Арнайы киімнің әр қабатын киген сайын қиюласуы тиіс тұстарын таспамен жабыстырып отырады. Осының өзінен медицина мамандарының күнделікті жұмысының оңай емесін, ерлікке пара-пар екенін айтады.

– Мен алғаш кезекшілікке түскен күні ин­тенсивті терапия бөліміне кіруге қорқақ­тадым. Келесі күні ауру ошағына еніп, бар­лығын өз көзіммен көруге бекіндім. Сонда мына костюмді сағаттап киіп, науқастарға ем-дом жасап жүрген дәрігерлердің жұмысына басымды идім. Шыққан соң киімді шешудің де өз тәсілі бар. Сілкімей, жайлап шешіп, арнайы сұйықтыққа салу керек. Аяқ киімді де жақсылап тазалайсың, – деді ол.

Серік ауруханаға келіп, барлық қиын­дықты өз көзімен көрген соң, осында болатын бір айында қызметкерлердің жұмысын сәл болса да жеңілдетуге тырысып, барынша көмектесетінін жеткізді. Санитарлық жұмыстан бөлек, өз еркімен көмекке келген еріктілер кезекшілік кезінде науқастың жағдайы нашарласа, дәрігерді шақыру, емделіп жатқандардың әрі-бері жүріп-тұруына көмектесу, дәрілерді алып келу деген секілді кез келген жұмыстан бас тартпайтын көрінеді. Кейіпкеріміз, тіпті, ем алушылар қатты қобалжып, үрейленген жағ­дай­да пси­хологиялық қолдау көрсетуге де дайын екен­дігін ауруха­надағыларға ескертіп қойыпты.

Балалар үйінде тәрбиеленген Серік қиын жағдайда адамның қолдауы қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді. Көп науқас­тардың салы суға кетіп, індетке төтеп беруге күш-жігер таппай мойынсұнып қоятынын жақсы білеміз. Бұл кезде науқаста бәрін жеңіп шығамын деген сенімнің болуы мамандарға да үлкен көмек болады. Вирус жұқтырғандар қатарында ашуға бой бергендері де аз болмайтын көрінеді. Серік оларды түсінуге болатынын, себебі вирус жұқтырғаннан бері апталап оқшауланып жатқандар жақындарын, туыстарын көре алмай әбден сағынады. Егде жастағы науқастардың бала-шағасын көргісі келіп, аман-есен орталарына оралуды аңсайтынын, ауруханадан шығатын сәтті асыға күтетінін айтты.

Баршаның аузында жүрген емі жоқ бел­гісіз вирусты жұқтырып алдым деген ойдың өзі кімге болсын оңай түспейтіні анық. Сон­­дықтан еріктілердің қолдауы олардың оңалып кетуіне сәл де болсын жәрдемдеседі. Ел ба­сына күн туған сәтте тәуекелге бел буып ін­дет ошағына аттанған кейіпкеріміз ем алып жат­қан адамның тест сынамасы теріс шығып, оны естіген науқас асыға жиналып, есіктен шы­ғып жақынымен қауышқан сәті төгілген тер­дің бекер емес екенін дәлелдейтінін айтады.

Қазақстан бойынша Серік секілді мың­даған волонтер індетпен күрестің алғы ше­бінде жүр. Оларды рақымдылығы, жүре­гінің жылылығы мен мейірімі біріктіреді.

Серік Мұқашев балалар үйінде тәрбие­леніп, өмірдің сынағын жастайынан басынан өткергендіктен, өзгеге көмектесудің қаншалықты маңызды екенін біледі.

Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 4-курс студенті С.Мұқашев қоғамдық өмірге бел­сене атсалысады. Ол қала әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтің балалар үйі түлектерінің мәселесі бойынша штаттан тыс кеңесшісі әрі «Ақжайық адалдық алаңында» қызмет етеді. Болашақ хореограф маман оқуды аяқтаған соң өзін мемлекеттік қызметте көретінін айтады.

Серік секілді тағдырдың қиындығына қарамастан өз жолын таба білген, онымен қоса өзгелерге көмегін аямайтын жастар халық мүддесіне қызмет етемін деп тұрса, неге қуанбасқа. Оның еріктілер қатарына қосылғанына жеті жылдай уақыт болған. Бұл аралық оған үлкен өмірлік мектеп болды.

– Волонтер болуды көмекке мұқтаж жандарға еш қайтарымсыз қолдау білдіру деп түсінемін. 8-сыныптан бастап осы жолға бет бұрдым. Сол уақыттан бері жинаған тәжірибемді қазір Орал қаласында құрылған Волонтерлер академиясында оқушыларға үйретемін. Одан бөлек өзім секілді балалар үйінің тәрбиеленушілерімен, түлектерімен тығыз байланыстамын. Мемлекеттік органдармен бірлесе отырып олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге тырысамыз. Жиі кездесулер өткізіп, жастарға өзімнің басымнан өткен мысалдар арқылы жаман жолға түспеуді, дұрыс жол таңдап, өмірден өзіңді табу туралы ойыммен бөлісемін. Менің тәжірибем біреуге сабақ болып, тура жолға салса, қуаныштымын, – дейді кейіпкеріміз.

Ал індеттің ошағына айналған жұқпалы аурулар ауруханасына баруына қоғамда дәрігерлер мен еліміздегі медицина саласы туралы теріс пікірлердің көптігі себеп болыпты. Барлығын өз көзімен көремін деп шешкен волонтер бір күнде ешкімге айтпай санитар болуға өтініш білдірген екен. Өзіне керектің барлығын бір сөмкеге жинап, белгіленген жерге аттанған ол бір ай бойы таңертеңнен кешке дейін індетпен арпалысқан жандардың жанында болады, олардың сауығып кетуі үшін аянбай еңбек етеді. Бұл тәжірибе оған өмірлік сабақ болатыны сөзсіз. Қиын сәтте өзін емес, өзгенің мүддесін жоғары қоя білген қайырымды жанмен әңгімемізді «барынша абай болып, денсаулығыңа мән бер» деген жүрекжарды тілекпен тәмамдадық.