Футзалдан Алматының «Қайрат» командасы ішкі чемпионаттағы уақытша үзілісті тиімді пайдаланып, құрамын күшейтіп жатыр. Күні кеше Румыния ұлттық құрамасының ойыншысы Савио Валадареспен келісімшартқа қол қойды.
1994 жылы Бразилияда туып-өскен Савио 2012-2016 жыл аралығында өз еліндегі «Ботафого» клубында өнер көрсетті. Клубпен келісімшарты аяқталғаннан кейін тасқамал қорғаушы Валадарес 2017 жылы Румынияға қоныс аударды. Сол елдің Informatica Timisoara командасында екі жыл доп теуіп, Румыния азаматтығын алды. Арада бір жыл өткенде ол Румынияның құрамасымен бірге 2018 жылы Словенияда өткен әлем чемпионатына қатысты. Кейінгі бір жылда Савио Валадарес Imperial Wet клубында ойнады. Клуб баспасөз қызметінің хабарлауынша, румыниялық футболшы алдағы екі жылда «Қайрат» клубының намысын қорғайды.
Пандемияға байланысты уақытша тоқтатылған чемпионаттың қашан басталатыны әзірге белгісіз. Турнир кестесінде алматылық ұжым 16 кездесуден кейін 44 ұпаймен көш бастап тұр. Екінші орында келе жатқан «Ақтөбе» 36 ұпайды еншілеп отыр. Алайда олардың «Қайраттан» төрт кездесуі артық.